Ақтөбелік келіншек балаларын қоқыс жәшігінен тапқан аспен тамақтандырып жүр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі саяжайлардың бірінде тұратын Олеся Летавская балаларын қоқыс жәшігінен тапқан аспен тамақтандырып жүр. 1 жастағы Кирилл мен 3 жастағы Виканың ойыншықтары да қоқыстан алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде әлеуметтік жағдайы төмен отбасы амалы таусылған соң қоқыс жәшігінен тапқанды киіп, тамақтанып жүр. Олар көшеде келе жатқанда қолына түскен темір-терсекті жинап, тапсырады, ақшасын пәтерақыға береді. Саяжайдағы кішкентай үй үшін олар ай сайын 15 мың теңге төлейді. Жарыққа қосымша ақы тағы бар.

«Өзім Батыс Қазақстан облысынан келдім. Жасым 27-де. Сол жердегі балалар үйінде өсіп, кейін мені анам алып кетті. Екеуіміздің мінезіміз сай келмей, мен 18 жасымнан бастап жалғыз өмір сүруді үйрендім. Әр жерде жалдамалы жұмыс істедім, еден жудым. Бірақ тұрақты еңбекке араласа алмадым. Себебі балаларымды қарайтын, бағатын адам жоқ. Үлкен қызым 3 жаста, кішкентайым 1 жаста. Бір күні үйде тамақ болмай, балаларым жылады. Олардың жанын сақтап қалу үшін зәулім үйлердің жанындағы қоқысты аралауыма тура келді. Ауқатты адамдар кез келген тамақты лақтырып тастайды. Мен сол жерден жеуге жарамды тамақтарды алдым. Үйдегі ойыншықтар, төсеніштер, перде бәрі қоқыс жәшіктерінен алынды»,- деді Олеся Летавская.

Олеся Летавская азаматтық некедегі күйеуімен бірге тұрады. Қазір үшінші баласына жүкті. Балалардың туу туралы куәлігінде әкелері туралы еш мәлімет жоқ. Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бұл отбасыны бақылауға алған. Балаларға ай сайын жәрдемақы беріледі.

«Олеся Летавская құжаттарын тапсырып, көмек сұрады. Бұл отбасының қалалық комиссия қарап, шешім қабылдайды. Егер көмектесу туралы шешім шықса, бұл отбасына 60 мың теңге көлемінде біржолғы көмек беріледі. Сонымен қатар, екі балаға 3 019 теңге жәрдемақы қарастырылмақ»,- деді Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Мейіржан Қарақов.

Әзірге отбасының жағдайын естіген ақтөбеліктер қолда бар азық-түлік пен киім-кешекті жеткізіп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар