Ақтөбелік баласының сал болып қалуына дәрігерлерді кінәлап отыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе қаласының тұрғыны Эльмира Кульманованың он айлық баласы Самғат Қолбайдың сал болып қалуына дәрігерлерді кінәлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Эльмира Кульманова баласы Самғат Қолбайдың туа бітті ауырмаған, екпелерді де уақытылы қабылдағанын айтып отыр.  Ал 2018 жылдың 1 қаңтарында кенеттен оң қолы құрысып, аузы дірілдеді. Дереу жедел жәрдем шақырылып, баланы қалалық ауруханаға жеткізді. Қабылдау бөлімінде баланың аузында ұшық бар екені анықталып, кейін сол жедел жәрдем бригадасымен жұқпалы аурулар ауруханасына жіберілді.

«Ауруханаға түскен уақытта Жаңа жыл болып, дәрігерлер бізді қарамады. Жанымызда медбикелер болды, бірақ олар ем жасамады. Олар бар болғаны тыныштандыратын екпе жасап кетеді. Бір сағаттан соң қайта басталады. Бір күннен соң ғана, жансақтау бөліміне жатқызуға шешім қабылдады. Невропатолог шақырылғанымен, ол да бірден келмеді. Ол болмаған оң қайта палатаға жатқызып, бірер сағаттан соң қабылдау жүргізді. Сол кезде «жұлыннан сұйықтық алу керек» деп айтты. Кейін дәлізге шығарып жіберді. Арада 10 минут өтіп, баламды қайта өзіме алдым. Бірақ ұлым сұлқ жатып қалды. Содан оңалмады, қайта қалпына келмеді. «Бәрі жақсы» деп айтқанымен, судан басқаны ішпеді, ембей қалды. Жаным қиналған соң ұялы телефон арқылы жедел жәрдем шақырдым. Сол кезде учаскелік дәрігерім де келді. 3 қаңтарда жансақтау бөліміне тағы жатттық»,- деді Эльмира Кульманова.

Кейін Самғат Қолбай жұқпалы аурулар ауруханасынан шығарылып, суық тиіп, облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Ауруханадан үйіне келгенде бала төсекте сұлқ жатып қалған.

«Қолы салбырып, белі ұстамай қалды. Дәрігерлер энцефалит диагнозын қойып берді. Бір айыптысы, олар жұлынынан сұйықтық алар кезде салдарын айтып, түсіндірмеді. Егер дәл осындай жағдай болатынын білгенде сұйықтық алдырмайтын едім. Ауруханада ұзақ емделген соң үйге келдім, қызуы жиі көтеріліп, жедел жәрдем шақыра бердім. Сол кезде «Нұр Отан» партиясына барып, көмек сұрадым. Олар «Үміт» сәбилер үйіне уақытша тапсыруды, онда мемлекет тарапынан жан-жақты ем көрсетілетінін түсіндірді. Сөйтіп 20 ақпанда тапсырдым. Қазір жағдайы қалыпты, бірақ белі ұстамайды»,- деді Эльмира Кульманова.

Баласының жаны қиналғанын көрген ана кейін прокуратураға арыз жазды. Ақтөбе қалалық прокуроры Р.Салкенов облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтен келген жауапты жолдады. Онда Самғат Қолдаудың 1-12 қаңтар аралығында облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдағаны, алғашында «герпесті менингоэнцефалиттен кейінгі жағдай» диагнозымен ем қабылдағаны жазылған.

«Балада мимикалық бұлшық еттерінің құрысу синдромы болуына байланысты невропатолог қарап, «Токсикалық энцефалопатия. Фокальды құрысу ұстамасы» диагнозын қойды. Бас миына компьютерлік томография жасауға және жұлын сұйықтығын тексеруге кеңес берілген. Комиссия шешімі бойынша, ҚР ДСМ-нің клиникалық хаттамаларына сәйкес «Токсикалық энцефалопатия» диагнозында жұлын сұйықтығын зерттеу міндетті диагностикалық тексеру түрі болып табылады. Балалар сұйықтық алу кезінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген, алайда жазбаша келісім алынбаған. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері тарапынан жұмысты ұйымдастыру барысында жіберілген қателіктер баланың денсаулығына зиян келтірмеген. Дегенмен, жіберілген кемшіліктер үшін қарқынды ем бөлімінің дәрігер реаниматологі Т.Жылқыбаевқа қатаң сөгіс жарияланды»,- деп жазған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ә.Қалиаев.

Өз жауабында денсаулық сақтау басқармасының басшылығы баланың ата-анасына арнайы кеңес берілгені, оңалту жұмыстары тегін жүргізілетінін туралы жазған.

Өз ретінде, Эльмира Кульманова баланың толық сауығып кетуі үшін оны Кореяда тегін емдетуді талап етіп отыр. Ол сотқа арыз түсірді. Баланы ақылы бөлімге көрсетіп, өзге дәрігерлердің емін алуға отбасының әлеуметтік жағдайы көтермейді.

Бүгінде Э.Кульманова аптасына бір рет сәбилер үйіндегі баласын көруге барып тұрады. 

Соңғы жаңалықтар