Ақтөбеге 103,6 млрд теңге инвестиция тартылды
Ақтөбе инвесторлар үшін өте ыңғайлы қалаға айналды. Мұнда газ, электр қуаты арзан. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» жолы бар, Ақтөбе-Атырау тасжолының құрылысы басталды. Ресеймен шекаралас облыс инвесторларды шақырған кезде осы басымдықтарды алға тартады.
«Биыл Ақтөбеге 103,6 миллиард теңге инвестиция тартылды. Көбі өндіріс орындарын жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, ауыл шаруашылығы саласы бойынша жылыжай құрылысын бастады. Мәселен, алдағы үш жылда үш инвесторға 100 гектар жер беріледі. Олар 10 миллиард теңге инвестиция салу үшін жұмысты бастады. Сонымен қатар, «Ақтөбе» индустриялық аймағында 8 инвестор бар. Тұрмыстық техниканың бір бөлігі жергілікті жерде жинақталып, нарыққа шығарылды. Бұл бағаны арзандатуға көмектесетін жоба. Бұл жерде қыш тақтайшалары, жасанды жабынды шығарылады»,- деді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.
Айта кетейік, Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығында 13 жоба іске асырылады. Жалпы 10,8 миллиард теңге инвестиция тартылады. Сонымен қатар, картаға енбеген 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспары дайын. Барлығы 500-ден астам жұмыс орны ашылуы тиіс.