Ақтөбедегі су тасқыны кезінде адамдарға көмектескен компаниялар марапатталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі су тасқыны кезінде «Қолғанат Ақтөбе» қорына 253 миллион теңгеден астам қаржы түсті. Қазіргі уақытта 185 миллион теңге су тасқыны кезінде баспанасы қираған, үйі жөндеуді қажет ететін отбасыларға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі су тасқыны кезінде «Қолғанат Ақтөбе» қорына «Маңғыстаумұнаугаз» АҚ 53 миллион теңге, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ 50 миллион теңге, екінші деңгейлі банк 10 миллион теңге, «Восток нефть» ЖШС 7 миллион теңге және «Қазахойл Ақтөбе» ЖШС 5 миллион теңге қаржы аударды. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарда, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейдін мұғалімдер мен дәрігерлер, жоғары, орта арнаулы оқу орындарының ұжымдары бір күндік жалақыларын берді. Жастар құрылыс кезінде көмектесті.

«Қор 6 ай ішінде 185 миллион теңгені бөліп, көмек көрсетті. Қурайлы, Сазды, Благодар ауылдық округтерінде үй салып жатқан адамдарға құрылыс материалдары жеткізіліп, жылу қазандықтары сатып алынды. Қазір су тасқыны кезінде зардап шеккендерге 107 үй салынып жатыр. Оларға газ, су, жарық тегін жеткізілді. Сонымен қатар, Ақтөбе облысындағы әр аудан әлеуметтік жағдайы төмен, мұқтаж отбасыларды пәтермен қамтамасыз етіп, тұрмыстық техника сыйлады»,- деді Қазақстандағы іскер әйелдер қауымдастығының Ақтөбе облысы бойынша төрағасының орынбасары Ирина Свитич.

 Қор су тасқыны кезінде зардап шеккен адамдармен қатар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға көмектесті. Тіпті үйі өртеніп кеткен Батыр Тоқмамбетовке қор арқылы қайырымды адамдар көмек берді.

«Өрт кезінде зардап шеккен отбасы туралы қор арқылы біліп, оқиға орнына барған едік. Сол жерде қажетті құрылыс материалдарының тізімі жасалып, сатып алдым. Сонымен қатар, хабар естіген адамдар келіп, көмек көрсетті. Үйіне бардық, құрылыс жұмысы аяқталған. Қыста олар жылы жерде тұрады»,- Ақтөбе қаласының тұрғыны Ануар Аманғали.

Айта кетейік, көктемгі су тасқыны кезінде баспанасы су астында қалған адамдарға жергілікті бюджеттен 37 миллион теңге бөлінді. Олардың арасында 300 мың теңгеден 3 миллион теңгеге дейін ақша алған адамдар бар.

«Кез келген адамға екі жолы ұсынылды. Олар қордан ақша алады немесе бағалаушылардың шешімін күтіп, мемлекеттік көмек алады. Сол кезде зардап шеккендердің көбі қордан ақша алды»,- деді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Рузия Айдашева. 

Соңғы жаңалықтар