Ақтөбедегі мұнай компаниясында бір жұмысшы қаза болып, біреуі ауруханаға түсті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Жаңажол ауылындағы кен орнында қайғылы жағдай тіркелді. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның бір жұмысшысы қаза болып, біреуі ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы кеше сағат 18:24-те Жаңажол кен орнында жұмыс істеп жүрген екі адамның жарақат алғанын хабарлады. Қайғылы жағдай кезінде 54 жастағы ер адам қайтыс болды. Ал 46 жастағы жұмысшы Кеңқияқ ауруханасында жатыр. Қазіргі кезде зардап шеккен адамды облыс орталығына әкеліп, ем көрсету мәселесі шешіліп жатыр. Екеуі де слесарь болып жұмыс істеген. Кен орнында бұған дейін шағын жөндеу жұмыстары жүргізіліп, екі жұмысшы насостың қалай жұмыс істеп жатқанын көрмек болған. Бұл насос техникалық суды айдайды. Сол жерде газ шыққан»,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Оразаев.

Айта кетейік, осы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылды. Еңбек кодексі бойынша 10 жұмыс күні ішінде оқиғаның нақты себебі анықталады. Комиссия қорытындысы ішкі істер органдарына жіберіліп, тергеуді құқық қорғаушылар жалғастырады.

Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бауыржан Оразаевтың айтуынша, облыс бойынша қаңтар айында 6 жұмысшы өндірісте жарақат алды. Оның екеуі қаза болды. Жазатайым оқиға «ОПС Секьюрити» және «Көктас Ақтөбе» ЖШС-де тіркелді.


Фото: https://www.cnpc-amg.kz

Соңғы жаңалықтар