Ақтөбедегі еңбек инспекциясы мұнайшыларға экологиялық қосымша ақының қысқару себебін түсіндіріп берді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Экологиялық аймақта тұратын мұнайшылар еңбекақыға 20 пайыздық қосымша ақы алады. Бүгін Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы мұнайшыларға осы экологиялық қосымша ақының қысқару себебін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» ҚР Заңына сәйкес сол аймақта тұратын, мекенжайы бойынша тіркелген азаматтар өзге өңірлерде жұмыс істегенімен, еңбекақыға 50 пайыздық экологиялық қосымша ақы алып келді. Ал биыл ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрігі бұйрық шығарып, енді экологиялық аймақта тұрып, сол жерде жұмыс істегендер ғана толыққанды қосымша ақы алатынын мәлімдеді. Қазіргі кезде өзге өңірлерге жұмысқа барып, табыс тауып жүрген мұнайшылар еңбекақыға 20 пайыздық қосымша ақы алып жүр.

«2016 жылдан бастап Арал маңында тұратын азаматтарға тиесілі қосымша ақыны алып тастады. Біз себебін сұрап «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на, прокуратураға арыз жаздық. Бәрі Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігінің бұйрығына сүйеніп, экологиялық қосымша ақының 50 пайыз емес, 20 пайызға төмендегенін жеткізді. Яғни, сол аймақта тұрып, сол жерде жұмыс істейтін адамдар ғана еңбекақыға 50 пайыз қосымша ақы алады. Сол жерде тұрып, мұнайлы өңірінде жұмыс істеп жүрген біз тек 20 пайыздық қосымша ақы аламыз. Біздің балаларымыз бар. Несие өтеу де қиын болып кетті»,- деді мұнайшы Шамиль Тухватуллин.

20 жылдан астам уақыт бойы мұнай саласында еңбек етіп жүрген Дәуренбек Жамбылов күні бүгінге дейін 150 мың теңге айлық алса, 50 пайыздық қосымша ақы қысқарған соң 110 мың теңге еңбекақы алып жүр. «Экологиялық аймақта тұратын болған соң қосымша ақыны денсаулығымызды қалпына келтіруге жұмсаймыз. Бала-шағамызды асырап, оларды оқытуымыз керек. Ал азық-түлік бағасы күн өткен сайын қымбаттап барады»,- деді Дәуренбек Жамбылов.

Мұнайшылар арасында дау туғызған бұл мәселе туралы облыстық еңбек инспекциясы хабардар. Олар да бұған дейін арыз қабылдап, жауап берген.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бұл шешімді қабылдамас бұрын бірнеше мемлекеттік органға хабарласып, соңғы жылдары экологиялық қосымша ақы алатын адардардың саны артқанын айтты. Ақтөбе облысы бойынша Шалқар ауданы түгел экологиялық аймаққа кіреді. Сонымен қатар, Темір, Мұғалжар, Байғанин аудандарының белгілі бір бөлігі тізімге енген. Неліктен экологиялық аймақта тұратын жұмысшылар саны көбейді? Осы сұрақтың жауабын іздеу кезінде мұнай компаниясы арнайы зерттеу жүргізді. Олардың айтуынша, қалада тұратын жұмысшылар да экологиялық аудандардағы үйлерге тіркеліп, экологиялық қосымша ақы мен еңбек демалысына қосымша күндер алып жүр екен. Мұнай компаниясы бұл үрдісті тоқтата алмаған. Кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабар берілді. Министрлік экологиялық аймақта тұрып, сол жерде жұмыс істейтін адамдар ғана еңбекақыға 50 пайыздық қосымша ақы алатынын түсіндіріп берген»,- деді облыстық еңбек инспекциясының басшысы Мирболат Райымқұлов.

Айта кетейік, бұған дейін мұнай компанияларында жұмыс істеп жүрген 903 жұмысшы еңбекақыға 50 пайыздық қосымша ақы алды. Заңнама өзгерген соң  мұнай компаниясында жұмыс істеп жүрген 2 мыңнан астам мұнайшы еңбекақысына 20 пайыздық қосымша ақы төлене бастады. Еңбекақыға қосымша жұмысшының мекен жайына емес, жұмыс істеп жүрген жеріне байланысты ғана беріліп жатыр.

nullnullnull

Соңғы жаңалықтар