Ақтөбеде ЖИТС орталығының бас дәрігері жоқ адамдардың жалақысын алып келген

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың бас дәрігері үш жыл бойы мемлекет қаржысын жымқырып келген. Ол мемлекетке 6 миллион теңгеден астам шығын келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне қарасты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұлттық бюросының департаменті Ақтөбе облыстық ЖИТС орталығының бас дәрігері Гүлнәр Садықоваға қатысты қылмыстық істі тергеп, сотқа жолдады. Бас дәрігер 2014 жылдың қаңтары мен 2017 жылдың қазаны аралығында орталықта жұмыс істемейтін адамдардың атына жалақы аударып, оны өзі алып отырған. Іс материалына сүйенсек, ол бюджетке үш жылда 6 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

«Іс сотқа жіберіліп, үкім де шықты. Бас дәрігер Гүлнәр Садықова айыпты деп танылып, оған алты жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды»,- деді Ұлттық бюроның облыстық департамент бастығының орынбасары Камал Қабылбеков.

Айта кетейік, айыпталушы Гүлнәр Садықова мемлекетке келтірген шығынды түгел қайтарды.

Соңғы жаңалықтар