Ақтөбеде төтенше жағдайлар қызметі жүргізушілерге арналған қосымшаны іске қосты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі төтенше жағдайлар қызметі жолдардың жабылуы мен қауіпті аймақ туралы ақпарат беретін мобильді қосымшаны іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында қауіпсіздік шарасы күшейді. Себебі, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Бауыржан Сыздықов қыс айларының қатты әрі ұзаққа созылатынын ескертіп, жылыту бекеттерінің санын екі есеге арттырғанын хабарлаған болатын. Ал енді мобильді қосымшаны іске қосты. Жүргізушілерге бағыт-бағдар беріп, жолдар туралы ақпарат таратып, төтенше жағдай қызметінің жұмысын жеңілдетеді.

«Letmeget қосымшасы арқылы қар құрсауында қалған жолдар туралы ақпаратты біліп отыруға болады. Бұл қосымша алыс жолға шығатын, күн райын білмейтін жүргізушілерге өте ыңғайлы. Әрі ең жақын жылыту бекеті туралы да ақпарат қарастырылған. Қауіпсіздік шарасын күшейтіп, жолда қалған адам көмек жеткенше өзі шешім қабылдай алатындай жағдай жасап қойдық», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, қазір Жергілікті полиция қызметі, Ұлттық гвардия және Төтенше жағдайлар департаменті құтқару, алдын алу жұмыстарына дайын. Жолдарды тазалауға арналған техникалар мен өрт сөндірушілер, медицина қызметі жұмысын пысықтады. Ал мобильді жылыту орталықтары екі есе артып, жұмысын бастады. Барлығы 500-ден астам қызметкер мен 100-ден астам техника бар. Қазіргі кезде қар құрсауында қалған адамдарға арналған жылыту бекеттеріне қажетті азық-түлік жеткізілді. Барлығы 134 бекет жұмыс істеп тұр. Әзірге бұл бекеттерге ешкім көмек сұрап бармады. 

Соңғы жаңалықтар