Ақтөбеде «Нұрлы жер» бойынша үй салған компания несиені субсидиялады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасының алты бағыты бойынша тұрғын үйлер салынып жатыр. Құрылыс компаниясы елімізде алғаш рет банктен алған несиені субсидиялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 650 мың шаршы метр болатын тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарланған. Тұрғын үй облыс орталығымен қатар Әйтеке би, Хромтау, Байғанин, Ырғыз, Қарғалы секілді аудандарда жүргізіліп жатыр. Еліміз бойынша Ақтөбеде алғаш рет құрылыс компаниясының несиесі субсидияланды.

«Ақтөбе облысының аймақтық үйлестіру кеңесі құрылыс компаниясының екінші деңгейлі банктен алған несиесін субсидиялады. Яғни,құрылыс жүргізген компания банктен 14 пайызбен несие алса, ол пайыздық үстемеақының тек тең жартысын төлейді. Ақтөбедегі «Соллерс» серіктестігі 9 қабатты тұрғын үй салды. Пәтердің тең жартысы, яғни, 27-сі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы сатылады. Бұл пәтер құнын арзандатуға бағытталған жұмыс. Өзге де құрылыс компанияларын осы бағыт бойынша жұмыс істеуге шақырамыз»,- деді «Даму» қорының Ақтөбе облыстық филиал директоры Жеделбек Мырзағалиев.

Айта кетейік, бағдарлама аясында салынып жатқан тұрғын үйден пәтер сатып алуға 200-ден астам адам өтініш жазған.

«Биыл бағдарламаның несиелік тұрғын үй бағыты бойынша 1278 пәтер сатылады. Тұрғын үй қазан айында пайдалануға беріледі. Бұл пәтерлердің әр шаршы метрі 100-110 мың теңге аралығында болады. Қазақстан бойынша ең арзан баға Ақтөбеде. Пәтер алуға өтініш берушілер өте көп. Қазір 2 мыңнан астам адамның арызы қабылданды»,- деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі облыстық филиалының директоры Бауыржан Жуаспаев.

Соңғы жаңалықтар