Ақтөбеде қылмыс ең жиі тіркелетін 4 демалыс орны анықталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы Юта, Рахат, Тайқазан, Арцах мейрамхана-дәмханаларында жиі төбелес болады. Телефон ұрланып, сөмкедегі заттар жоғалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласы бойынша қылмыс жиі тіркелетін аудандар автопатрульдің бақылауына алынған. Полиция қызметкерлері жұма, сенбі күндері таңға дейін жұмыс істейтін дәмханаларды қадағалайды. Дегенмен ішімдік ішкен адамдар төбелес шығарып, демалыс орындарынан кеш шақырулар түсіп жатады.

«Демалыс күндері адамдар бір дәмханадан шығып, екіншісіне барады. Сөйтіп таңға дейін ішімдік ішеді. Ал дәмхана иелері ұрыс-керіс басталған кезде оларды далаға шығарып жіберіп, полицияға кеш хабарлап жатады. Қылмыс Ақтөбе қаласының Юта, Рахат, Тайқазан, Арцах мейрамхана-дәмханасында жиі болады. Мәселен, өткен жылы 1 мыңға жуық шақыру түсті. Оның 344-і қылмыс, өзгесі әкімшілік құқықбұзушылық. Бір жыл ішінде Юта дәмханасынан 107 , Рахаттан 110, Тайқазаннан 89, Арцахтан 99 шақыру болды. Алдағы уақытта жергілікті билік, прокуратурамен бірге жұмысты жалғастырамыз»,- деді Қаныбек Жақсығалиев.

Ақтөбе қаласындағы мейрамханаларда қондырылған бейнекамералардың сапасы нашар. Олар кіріп-шыққан адамдардың сұлбасын анық көрсете алмайды. Ақтөбе облыстық жергілікті полиция қызметі терроризмге қарсы күрес жұмыстарын негізге алып, айыппұл салуға көшті. Қаныбек Жақсығалиевтің айтуынша, айыппұл көлемі 500 мың теңгеге дейін жетеді.

«Біз жастар жиі бас қосатын, ішімдік ішетін демалыс орындарын білеміз. Мейрамхана-дәмханалардың жабылатын уақыты белгілі. Өткен жылы 20-ға жуық ойын-сауық кешендерін ішімдік сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан болатынбыз. Олар жасы 21-ге толмаған балаларға ішімдік сатқаны белгілі болды. Кейбірі бір ай арақ-шарап сату құқығынан айырылды. Бұл жаза мардымсыз болып тұр», - деді облыстық жергілікті полиция қызметінің бастығы Қ.Жақсығалиев.

Айта кетейік, өткен жылы облыс бойынша 60 мыңға жуық адам қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жазаланды.  Оның 6 мыңнан астамы ұзақ құқықбұзушылық.

Соңғы жаңалықтар