Ақтөбеде баспаналары суға кеткен адамдар мектептерге орналастырылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы орта мектептерге баспанасы суға кеткен адамдар жеткізіліп жатыр. Қаладағы емхана дәрігерлері мен медбикелер, полиция қызметкерлері білім ордаларында кезекшілікке тұрды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланып, бау-бақша ұжымдарындағы адамдарды эвакуациялау жұмыстарының жүріп жатқаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз . 

Қазіргі уақытта Әуе қалашығы ауданындағы «Авиатор», «Госведсеть», «Геолог», «Ақсүт» бау-бақша ұжымдарына қоныстанғандар №15 орта мектепке жеткізілді. Бұл жерде 61 адам бар. Алғашқы күні тума-туыстарын жағалап, уақытша пана іздегендер қазір мектепке қайта оралып жатыр.

null 

«Бір күн бойы туысымыздың үйінде болдық. Жақын адам болғанымен біреудің үйінде ұзақ жата алмадым. Кейін екі балам, күйеуіммен бірге мектепке келіп, орналастық. Күйеуім қазір үйді қарауға кетті. Кешке келеді. Мұнда ыстық тамақ бар. Қолдан келер басқа амал жоқ, тек күтеміз», - деді Кенжегүл Әуезова.

Баспанасын тастап, топан судан тек өздерін аман алып шыққандар арасында І топ мүгедегі де бар. Екі рет инсульт алған Ерболат Жәмиев осыдан он жыл бұрын саман кірпіштен үй салып, көктемдегі тасқын кезінде баспанасы құлап қалған. Жаңа баспананы шпал ағаштан салып алды. Ол да суға лық толып, дүние-мүлкінің бәрі су ішінде қалды.

null 

«Мектепте паналағанымызға екі күн болды. Отырамын тек. Еш қозғалмаймын. Алғашқы күні қарындасымның үйіне бардым. Қазір екі баламды ертіп, мектепке келдім», - дейді Е.Жәмиев. 

№15 орта мектептегі ахуалды қала әкімі Ілияс Испанов қарап шығып, мүгедек адамдарға бөлек бір бөлме беруге уәде берген. Мектеп ішіне қоныстанғандарға медициналық көмек те көрсетіліп жатыр. Көбінің қан қысымы көтеріліп, жүйкесі сыр берген.

null 

«Әуе қалашығы ауданындағы бау-бақша ұжымында тұратындардың бәрі №15 мектепке жеткізіліп жатыр. Эвакуацияланғандар арасында қан қысымының көтерілуі тіркелді. Бас ауру да бар. Мұның бәрі жүйкеге түскен күштен болды. Медициналық көмек жан-жақты көрсетіліп жатыр. Дәрігер мен екі медбике кезекшілікке қойылды. Түнде де кезекші болады. Жағдай қиын болса, жедел жәрдем шақырылады. Бұл жерге мектептің, емхананың психологтары да келіп, психологиялық көмек көрсетіледі. Адамдардың жағдайы бірқалыпты. Олар өздері тұрып жатқан жердің суға кететінін білген», - деді Әуе қалашығындағы консультативтік-диагностикалық орталық директоры Айгүл Бижанова.

Оның айтуынша, мектепке жеткізіліп жатқан адамдардың көбі еш жерде тіркеуде жоқ. Тіпті, ауданнан көшіп келіп, жұмыссыз жүргендер көп.

null 

Ал мектеп директоры Нұргүл Байзиязова бау-бақша ұжымынан эвакуацияланған адамдарға кәсіпкерлер, қарапайым адамдардың көмектесіп жатқанын айтып отыр.

«Мектепте 61 адам бар. Олар 23 отбасының адамдары. Қауіпсіз жерге көшірілгендердің 16-сы бала. Мектеп қызметкерлері, полиция, дәрігерлерден құрылған топ кезекшілік ұйымдастырды. Асхана ашық, үш мезгіл тамақ беріліп жатыр. Бір бөлігі дүкенге кетті. Олар адамдарға қажетті тұрмыстық заттар әкеледі. Мұнда бәрі бар. Халықтың бар ойы суға кеткен үйлерінде. Соны уақымдап, алаңдап, күндіз қарап келеді», - деді Нұргүл Байниязова.

null

Соңғы жаңалықтар