Ақтөбеде аутизмге шалдыққан балаларға арналған емдеу орталығы салынады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында аутизм дертіне шалдыққан балаларға арнап оңалту орталығы салынады. Сонымен қатар, иппотерапиямен емдеу және мүгедектерді оңалту орталығы бой көтереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақтөбеде мүгедектер күніне арналған «Ашық әлем» конференциясы өтті. Аудан, ауылдағы мүмкіндігі шектеулі жандар, оларға қамқорлық көрсетіп жүрген адамдар өз ұсыныстарын жеткізіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Ақтөбе облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Райса Сиражеддинованың айтуынша, соңғы жылдары мүгедектерге қажетті заттарды алу үшін бюджеттен екі есе көп қаржы бөлінді. Ақтөбеде 2013 жылдан бастап үкіметтік емес ұйымдар мүгедектерге көмек көрсетіп келеді. Мүгедек балалар да қараусыз қалмайды. Мәселен, 2013 жылы 179 балаға қамқорлық көрсетілді, ал биыл олардың саны 303-ке жетті. Әрі әлеуметтік көмек алатындар өз таңдауын жасай алады. Ақтөбе қаласында инветакси қызметі 2005 жылдан бастап қызмет көрсетіп келеді. 2012 жылдан бері инветаксиге қазынадан қаржы бөлініп отыр. Тек облыс орталығында емес, Мәртөк ауданында мүгедектерді арнайы такси қызметі тасымалдайды. Алдағы уақытта Алға, Мұғалжар аудандарында ашылады. Иппотерапияға сұраныс жоғары. Биыл 120 бала осы қызметті пайдаланды.

«Өңірде сал ауруына шалдыққан 500-ге жуық бала бар. Ақтөбеде иппотерапия орталығы салынады. Жаңа орталық іске қосылса барлық бала иппотерапия орталығымен қамтылады. Ақтөбе облысы, Хромтау ауданындағы «Русская медная компания» ЖШС-мен арада келісім бар. Алдағы уақытта мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында мүгедектерді оңалту орталығы бой көтереді. Ауылдан келген азаматтар сол орталықта жатып ем қабылдай алады. Ал қала тұрғындары емін қабылдап, үйіне қайта орала алады. Мүгедектерге қажетті орталықтар тек облыс орталығында емес, аудандарда да салынуы керек. Біз оларға жағдай жасауымыз керек. Денсаулығын нығайту, оқыту, жұмысқа орналастыру мәселелері үнемі назарымызда болады»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы билік, қоғам, азаматтар біріксе, тұрғындардың жағдайы жақсара түсетінін атап өтті.

«Аурумын деп үйде отыруға, жатуға болмайды. Адам өмірге келген соң әрекет жасауы керек. Адам үшін ең қымбаты, қызықтысы, қажеті өмір. Мемлекет қолдауы керек, қолдайды. Аутизм туралы білемін. Кәсіпкердің көмегімен аутизмге шалдыққан балаларды емдеу орталығы салынады»,- деді Б.Сапарбаев.

Конференция кезінде бесінші республикалық спартакиада кезінде жеңіске жеткен мүгедек спортшылар марапатталды. Оларға сыйлық берілді.
«Біздің арамызда үздік еңбеккерлер, спортшылар, ерекше тұлғалар бар. Олардың бәрі өз-өзін дамытып отыр. Тәуелсіз өмір сүру дегеніміз осы. Бірақ мүгедектер арасында өз жағдайын жасай алмайтын адамдар бар екені анық. Олар қамқорлыққа мұқтаж. Қарттар мен мүгедектер үйінде, жетім балалар үйінде тұратын адамдар, жұмыссыз жүргендер. Міне, осы ерекше жағдайдағы адамдар жалтақ болмауы тиіс»,- деді Гүлмирам Сражова. Статистикаға сүйенсек, Ақтөбеде 24 мыңнан астам мүгедек бар. Оның 3 мыңы бала.

Соңғы жаңалықтар