Ақтөбеде 12 жастағы қыздың бауыры ауыстырылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 12 жастағы қызға бауыр ауыстыру отасы жасалды. Отаны академик Жақсылық Досқалиев пен Оңтүстік Корея трансплантологі Кванг Вунг Ли және ақтөбелік хирургтер жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде өткен «Туған жер» акциясына Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің түлектері жиналып, ота жасады. Олардың арасында Ұлттық транплантология орталығының директоры Жақсылық Досқалиев, Ұлттық нейрохирургия орталығының директоры Серік Ақшолақов бар. Академик Жақсылық Досқалиев туған жері Алға қаласына барып, жерлестерін тегін емдеді. Кейін Ақтөбе медицина орталығында мәйіттік донорданбауыр ауыстыру отасын жасады. Бір күннен соң 12 жастағы қыздың бауырын ауыстырды.

«Ақтөбеде орасан зор шара ұйымдастырылып отыр. Бұл форум өте маңызды және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға негізделген. Осында туып-өскен перзенттерге туған жеріне деген парызын орындауға мүмкіндік туып отыр. Біз батыс аймағында алғаш рет бауырға мәйіттік донордың көмегімен бірегей операция жасадық. Оңтүстік Кореядан келген әріптестерімен бірге 12 жастағы баланың бауыр ауыстырылды. Бұл туыстық донор арқылы жасалған ота. Еліміздің игілігіне жұмыс істейтін Қазақстандағы алғашқы медициналық кластердің Ақтөбеде құрылғаны қуантады», - деді академик Ж.Досқалиев.

Барлығы «Туған жер» республикалық форумы аясында 25 ота жасалды. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматыдағы ҚазҒЗИ кардиологиялық клиникасының профессоры Сәлім Беркінбаев бастаған хирургтер сегіз кешенді операция жасады.

«Академик Жақсылық Досқалиев туған жері Алға ауданында өт жолдары ауыратын науқастарға үш күрделі ота жасады. Бауыр ауруларының ауыр белгілері бар науқастарға кеңестер берді. Оларға медицина кластерінің көпсалалы ауруханасы жанынан экстирпация және өңешті пластикамен қайта тігу бойынша төрт жоғары технологиялық операция жасалды», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Деректерге сүйенсек, биыл облыстық туберкулез диспансерінің құрылысы басталды. Сонымен қатар, медициналық көмек көрсететін санавиацияның облысаралық орталығын құру шешімі қабылданды.

Соңғы жаңалықтар