Ақтөбеде «100 теңге» түрінде сәулеттік пішін орнатылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Конституция күнінде Ақтөбе қаласындағы Болашақ шағын ауданында жаңа «Made in Aktobe» гүл бағы ашылды. Гүл бағының ашылу салтанатына шағын аудан тұрғындары мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты, деп жазады әкімнің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы ақтөбеліктерді Конституция күнімен және жаңа демалыс орнының ашылуымен құттықтады.

«Тұрғындар осы әсем саябақта қыдырып, демалып, спортпен айналысып, отбасымен уақыттарын өткізе алады. Және бұл - біздің қаланы көгалдандыру мен жақсарту бойынша жұмыстарымыздың басы ғана. Біздің арманымыз - Ақтөбені Қазақстанның әдемі қалаларының бірі ету», - деді Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ, өңір басшысы тұрғындардан қоғамдық мүлікке ұқыпты қарап, тазалық пен тәртіпті сақтауларын сұрады.

«Қаламызды бірге таза, әдемі және жайлы етейік», - деп атап өтті әкім.

Өз кезегінде шағын аудан тұрғындары да облыс басшылығына спорттық және балалар инфрақұрылымын қарқынды дамытып, қалалықтар үшін жаңа демалыс орындарын ашқандары үшін алғыстарын білдірді.

Жаңа гүл бағы Бөгенбай көшесінің бойында орналасқан, оның ұзындығы 300 метрді құрайды. Мұнда қосымша 60 ағаш отырғызылып, кеспе тастардан жол төселген, отырғыштар, жарық шамдар, күркелер, балалар мен ересектерге арналған шахмат ойнайтын және спорт алаңдары, сондай-ақ,  сарқырама іспетті су бұрқақ орнатылған. Гүл бағын бір шақырымға дейін үлкейту жоспарда бар.

Жобаны индустриялық-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармалары облыстың өндірістік кәсіпорындарының демеушілік қаражатының есебінен жүзеге асырды.

Гүл бағының жанында Ақтөбе облысы әкімдігі мен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының серіктестігі аясында салынған футбол алаңы мен балаларға арналған спорт алаңы орналасқан. Биыл өңірде аталмыш бағдарлама бойынша жеті спорттық және балалардың ойын алаңдарын орнату, 50 мектепті спорттық құрал-саймандармен және төрт мектеп-интернатты  коррекциялық құрал-жабдықпен жарақтандыру  жоспарлануда.

 Сондай-ақ, облыс әкімі 3 мың шаршы метр аумақта орналасқан қаржыгерлер мен экономистердің гүл бағының құрылыс барысымен танысты. Мұнда 100 ағаш отырғызылып, стритболмен және воркаутпен айналысатын спорт алаңдары, сонымен қатар «100 теңге» түріндегі символикалық сәулеттік пішін орнатылған.

Соңғы жаңалықтар