Ақтөбе білікті спорт жаттықтырушыларына бар жағдайды жасауға әзір

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде спортты дамытуға жылына 6 миллиард теңге бөлінеді. Бірақ спортшылардың жетістіктері аз. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев спорт саласы басшыларының есеп беруінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Ақтөбеде спорт саласын дамытуға бөлінген қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Биыл спорт кешендерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 6 миллиард теңге жұмсалды. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында бұқаралық және кәсіби спортты,аймақтық спорт федерацияларын дамытудың жай-күйі мен келешегі талқыланды.

«Бөлінетін қаржы көлемін азайтпай, материалдық-техникалық базаны нығайту үшін барынша күш салып жатырмыз. Жаңа нысандар салынуда. Дене шынықтыру мен спортты қаржыландыру жағынан біз республика бойынша алдыңғы бестікке кіреміз, ал спортшылардың нәтижесі бойынша соңғы орын қалдық. Көптеген спорт түрлері бойынша өз позицияларымыздан айырылдық», - деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.

Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Олжас Смағұловтың айтуынша, соңғы 4 жылда қаржыландыру 7 есеге ұлғайғанымен балалар және жасөспірімдер спорт мектептерінің тиімділігі аз. Өңірде жұмыс істеп тұрған балалар және жасөспірімдердің 28 спорт мектебінде техникалық-материалдық база жоғары. Мұндай жағдай Алматы облысында ғана жасалған.

Саралай келе спортшылардың төмен нәтиже көрсетуі кәсіби жаттықтырушылар құрамының жетіспеушілігінен туындап отыр. Бүгінде 28 тәрбиеленушіні 1 жаттықтырушы спортқа баулиды. Алайда балалар және жас өспірімдер спорт мектептерінің тең жартысында ғана жоғарғы санатты жаттықтырушылар бар. Ал кейбірінде қарапайым адамдар жұмыс істейді. Олардың ешқандай санаты жоқ.  

Бердібек Сапарбаев олқылықтарға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығы жауапты екенін ескертті. «Өткен жылы басқа өңірлерде тұратын талантты ақтөбелік спортшылар мен жаттықтырушыларды қайтару туралы тапсырма берілді. Нәтиже қайда? Егер оларға материалдық көмек немесе тұрғын үймен қамтамасыз ету қажет болса, келіп айту керек еді. Екі жыл бойы басқарма мен спорт мектептерінен ешкім бұл мәселені көтерген емес. Егер жақсы жаттықтырушы болса, біз барлық қажетті қолдауды қамтамасыз етеміз. Бізде талантты балалар бар, тек оларға жақсы тәлімгерлер қажет», - деді Б.Сапарбаев.

Жиын кезінде облыс спортшыларының ҚР ұлттық және штаттық құрамаларының тізіміне енуі, жазғы, қысқы және ұлттық спорт түрлерін дамыту, мүмкіндігі шектеулі жандарды спортпен және дене шынықтырумен қамту мәселелері қаралды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, болашағынан молүміт күттіретін балалар және жасөпірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілеріне арналған жазғы спорт лагерін ашу туралы пікір қолдау тапты. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев спорт ардагерлері, беделді жаттықтырушылар, спортшылар, қоғам қайраткерлері мен депутаттардан тұратын жұмыс тобын құруды тапсырды. Олар бір ай ішінде спорт және дене шынықтыруды дамыту мәселелеріне талдау жасап, өз ұсыныстарын енгізулері қажет.

Соңғы жаңалықтар