Ақсу қант зауытының мамандарына тұрғын үй салынады

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы  Ақсу қант зауытының іске қосылуына атсалысып, зауытта жұмыс істейтін кәсіби мамандарға Жансүгіров кентінде 20 пәтерлі үй салынады. 

Құрылысы күзде басталады. Бұл туралы бүгін Ақсу қант зауытына барған сапарында облыс әкімі Амандық Баталов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы алдымен «Әлихан» шаруа қожалығының алқабында болып, қызылша себу науқанының барысымен танысты. Бұл шаруашылық өткен жылы 15 гектарға қант қызылшасын сеуіп, әр гектарынан 700 центнерге дейін өнім алған. Биыл қант қызылшасының көлемін 35 гектарға жеткізіп отыр. Өткен жылы бір гектарынан 450 мың теңге кіріс алған. Биылғы қызылша себу кезінде өз техникасымен қоса ауданда құрылған сервистік дайындау орталығының тұқым сепкіш техникасын пайдалануда.

Облыс әкімі бұдан кейін Ақсу қант зауытына барды. Зауыт инвесторлары кәсіпорынды жаңғырту барысымен таныстырды. Нысанның  бас корпусындағы цехтарды, жылу электр станциясының, қант қабылдау орнының жағдайын көрді.

Естеріңізге сала кетейік , бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматы облысының әкімдігі мен «Энергосмост» консорциумы Ақсу қант зауытын іске қосу жөнінде өзара ынтымақтастық  туралы меморандумға қол қойған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар