Ақмола облысындағы университетте дәрігерлер оқытыла бастайды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Жалпы медицина» мамандығы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімдіктің дерегі бойынша, осыдан бірер күн бұрын ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде медициналық кадрларды даярлау үшін берілетін лицензияға қол жеткізілді. Бұл Ақмола облысы үшін үлкен жетістік. Соңғы бірнеше жылдар бойы облыста дəрігер мамандардың тапшылығы сезіліп келеді.

«Университетте медицина бакалавры академиялық дəрежесін алу  үшін 5 жыл білім алу қарастырылған. Оқуын тəмəмдайтын студенттерге дəрігер біліктілігі негізгі мамандықтар бойынша 5 жыл, оған қоса тағы 2 жыл интернатурада оқыған кезде ғана беріледі.

Интернатурадан өтпеген түлек клиникалық тəжірибеге жіберілмейді. Негізгі мамандық бойынша оқыған жəне интернатурадан өткен түлек ғана дəрігер  болып жұмыс істей алады.

ЖОО терапевт, хирург, педиатр, акушер мамандықтары бойынша жалпы тəжірибедегі дəрігерлер даярланады. Оқыту процессі 3 тілде жүргізіледі», делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, өткен жылы Ш.Уəлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушылық құрамы және студенттерімен кездескен аймақ басшысы Мəлік Мырзалин өңірді медициналық кадрлармен қамтамасыз етуде аталмыш білім ордасында медициналық факультет ашу туралы бастама  көтерген болатын.

Соңғы жаңалықтар