Ақмола облысында тасқын суға батқан жолаушылар автобусынан 15 жолаушы құтқарылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат-Ақмола облысының Сандықтау ауданында 15 адам отырған жолаушылар автобусы тасқын судың салдарынан жолдан тайып, жағадағы орға түсіп кетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ТЖД мəліметі бойынша жайсыз жағдай бүгін сағат 17:10-дар шамасында Максимовка ауылының маңында, яғни «Көкшетау-Атбасар» тасжолының 118 шақырымында болған.

«Атбасар қаласына бағыт алған «Паз» автобусы су шайып кеткен жолмен өтпек болып, жол шетіндегі орға түсіп кеткен. Сол кезде автобус ішінде 15 жолаушы отырған. Оның 10-ы балалар. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Оқиға орнынан табылған құтқарушылар жолаушылардың барлығын суға батқан автобустан дереу аман алып шықты. Жолаушыларлың барлығы Максимовка орта мектебіне орналастырылды», - деп түсіндірді ТЖД қызметкерлері.

Еске сала кетейік, бүгін таңертең Сандықтау ауданында су тасқыны орын алып, 65 тұрғын үйді су басты. Оның ішінде 50-і Сандықтау ауылында болса, 15-і Балкашин селосындағы үйлер. Осының салдарынан 180-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Қазіргі кезде ауданда жағдай тұрақты.

Соңғы жаңалықтар