Әкімдіктер балық өсіруді дамытуға бюджеттен қаражат бөлуі тиіс

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әкімдіктер тауарлы балық өсіруді дамытуды қолдауға жергілікті бюджеттен қаражат бөлулері қажет. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Балық шаруашылығын дамыту саласында  негізгі міндет су айдындарының биологиялық әртүрлілігінің азайып кетуіне жол бермеу болып табылады. Аулауға бөлінген квоталардың шамамен 30 пайызға кем игерілуі балықтар санының азайып, олардың түрлік саналуандығының қысқарып, бағалы түрлер тартымдылығы төмен түрлермен ауыстырылып жатқанын көрсетеді»,-  деді ол.  

Оның айтуынша, балық алу көлемі балықтандыру көлемімен өтеліп отырған жоқ. Мәселен, 2016 жылы аулау көлемі 44 мың тоннадан астам мөлшерде болса, суға жіберілген шабақтар саны  277,5 млн дананы құрады. Ал балық шабақтарының өміршеңдігі орташа есеппен  5 пайыз болғандықтан балық өсімі орташа есеппен алғанда 27 мың тонна немесе 60 пайыз деген сөз. Осыған байланысты пайдаланушыларды балық аулауға бөлінген квоталарға барабар мөлшерде балықтандыруды жүзеге асыруға міндеттейтін норма енгізу ұсынылып отыр.

Маңызды экологиялық проблемалардың бірі бекіре балықтарының түрлерін сақтау болып табылады. Осыған байланысты Ерлан Нысанбаевтың атап өтуінше, бірқатар шара қабылданған. Атап айтқанда, 2010 жылдан бастап бекіре балықтарын  кәсіпшілік мақсатта аулауға тыйым салынды.  Ал биыл бекіре балықтарын ғылыми мақсатта аулауға да тыйым салу шарасы енгізілді. Сөйтіп бекіре балықтарын ғылыми мақсатта аулауға алған рұқсатты желеу етіп, бекіре балықтарын аулау мүмкіндігі жойылды. Бекіре балықтарының түрлері қосымша ауланған жағдайда оларды суға жіберуге міндеттейтін норма заңнамалық тұрғыда енгізілді.   Браконьерлердің негізгі балық аулау құралы болып табылатын «қытайлық ауларды» сатуға биыл заңды түрде тыйым салу енгізілді.

«2017 жылғы 9 маусымда Балық шаруашылығының өнімділігі мен өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары бекітілді. Осыған байланысты облыстар әкімдіктері алдағы жылы тауарлы балық өсіруді дамытуды қолдауға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінуін ескеруі қажет», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар