Ахметжан Есімов неміс парламентшілерімен кездесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Германия Бундестагының депутаттары ХДС/ХСС фракциясының атқарушы хатшысы Манфред Грундтың бастамасымен ЭКСПО-2017 көрмесіне келді. Ұйымдастырушының кеңсесінде «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов неміс парламентшілерімен кездесті.

Кездесуде көрмеге дайындық және өткізу мәселелері бойынша «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындықтың ақырғы кезеңі туралы хабардар етті. 115 елмен 21 халықаралық ұйым өзінің қатысатынын растады. Бүгінгі таңда Ұлттық күндерін өткізуге ресми қатысушылардың 113 өтінімі келісілді. Қазіргі кезде қатысушы елдер өздерінің ұлттық павильондарын контенттік толтыру жұмыстарын белсенді жүргізуде.

Германияның инновациялық-технологиялық жаңалықтар саласы бойынша әлемдік көшбасшы екендігін ескерсек, неміс мемлекетінің көрмеге толыққанды қатысуының ерекше маңыздылығын түсінуге болады. Сондықтан, Германиядан келген қонақтар қазақстандық тараптан ерекше ықыласқа ие болып, неміс павильоны туралы жан-жақты ақпарат берілді.

- Неміс павильоны ең үлкені болып табылады және ауданы 1252 шаршы метрді алады, ол Монакомен, Нидерландымен және Испаниямен көршілес орналасқан. Неміс компанияларының 24 жобасы­ның 3-еуі бірден өз жетістіктерін «Үздік тәжірибелер аймағы» павильонында көрсеткенін, оларды іріктеумен ғалымдардың және Нобель сыйлығының лауреаттарының қатысуымен арнайы халықаралық комис­сия айналысқанын атап айтқан жөн. Біз Германияның жаңартылатын қуат көздері саласындағы бай тәжірибесін білеміз және бұл тәжірибе көрмеге қатысушылар үшін танымдық және қызықты болады, - деп атап көрсетті Ахметжан Есімов.

ЭКСПО-2017 кеңсесінде көрмені жылжыту бойынша өңірлермен өзара әрекеттесу мәселелері жөнінде кеңес өтті.

ЭКСПО-2017 ұйымдастырушысының кеңсесінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Халықаралық мамандандырылған Көрмені жылжыту жұмысы, өңірлерден келушілерді және шетелдік туристерді тарту, еріктілерді даярлау - осы және өзге де сұрақтар талқыланды.

Шара «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, Астана, Алматы және облыс әкімдері орынбасар­ларының қатысуымен өтті.

Кеңес қатысушылары көрме нысандары, павильондардың контенті, билеттік бағдарлама және оның шарттары туралы егжей-тегжейлі таныстырылып, ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени-сауықтыру бағдарламасы ұсынылды.

Ұлттық компанияның жетекшісі «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі Елбасының жобасы екендігін әрі жер-жерде әкімшілік ресурс арқылы келушілерді тарту орынсыздығын атап айтты.

- Сіздер (шенеуніктер) азаматтарға көрменің мақсаты мен міндетін, оның болашақта Қазақстан экономикасына тигізетін мультипликациялық әсерін түсіндірулеріңіз қажет. ЭКСПО-2017 көрмесін сәтті өткізудің кепілі мәж­бүрлеп, міндеттеу емес, істі тиімді жыл­жыту және жарнамалау болып табылады. Көрменің басталуына екі айдан кем уақыт қалды. Сондықтан біз жұмысқа жұмыла кірісуіміз керекпіз. Өйткені, 93 күн бойы еліміз бүкіл дүние жүзінің назарында болмақ, - деді А. Есімов.

Айта кетейік, ЭКСПО көрмесіне қатысушы 115 елдің 90-ы павильондарын безен­діруге кірісіп кеткен. Ал қалашық аумағындағы құрылыс аяқталуға жақын. Жалпы, мұндай көрме біздің өңірде ТМД мемлекет­терінің ішінде бірінші рет өткізілгелі отыр. 

Соңғы жаңалықтар