Ағымдағы жоспарлар бюджеттердің барлық деңгейлерінде асыра орындалды - Қаржы министрлігі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 9 айында мемлекеттік қаржы саласында оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Бұл туралы Үкімет отырысында 2017 жылдың 9 айындағы мемлекеттік бюджеттің атқарылу қорытындылары туралы баяндаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кірістер бойынша ағымдағы жоспарлар бюджеттердің барлық деңгейлерінде асыра орындалды, яғни Мемлекеттік бюджет - 103,9 пайызға, республикалық бюджет - 102,1 пайызға және жергілікті бюджеттер - 107,8 пайызға. Жылдық жоспарды толығымен орындауда ешқандай проблема жоқ», - дейді Бақыт Сұлтанов.

Оның пайымынша, түсімдердің артығымен орындалуына салықтық тексерулерді қысқарту есебінен бизнес-климатты жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар да әсер етті.

«Шығыстар бойынша игеру пайызы барынша жоғары: мемлекеттік бюджет - 98,8 пайыз, республикалық бюджет - 99,3 пайыз және жергілікті бюджет - 98,2 пайыз. Шығыстардың жоғары атқарылуына онлайн-мониторингтеу мен қаражатты игеру бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдармен жүргізілген селекторлық кеңестер арқылы «қолма-қол басқару шаралары» ықпал етті», - деді министр.

Сонымен қатар ол мемлекеттік сатып алу бұрынғыдан да тез және айқын болғанын атап өтті. Ағымдағы жылы мемлекеттік сатып алудың барлық кезеңдері электрондық форматқа ауыстырылды.

 «Бақылау жұмысында жүргізіліп жатқан шаралардың пәрменділігі күшейтілді. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін камералдық бақылау толығымен автоматтандырылды. Нәтижесінде, мемлекеттік сатып алудың рәсімдерінде бұзушылықтар 5 есеге азайды» ,- деді Бақыт Сұлтанов.

Соңғы жаңалықтар