Әділбек Жақсыбеков «Астана» футбол клубының кемшіліктерін атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков кәсіби футболшыларды дайындау жұмысын сынға алды. Қазақстан немістің үлгісін таңдаса да, аталған әдістеме бойынша жұмыс істеп жатқан клубтар байқалмайды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ашығын айту керек, біз бәрін қатырып тұрып саламыз. Бірақ кей кезде аяғына дейін жеткізбей жатамыз. Ғимарат бар, бірақ мамандар жетіспейді, әдістеме, тәжірибе жағы ақсап тұрады. Мәселен, 2012 жылы біз футболды дамыту бойынша Германияның үлгісін негізге алдық. Дәл қазір қай облыстар екенін айтпай-ақ қояйын, бірақ аймақтардың көбісі осы жұмысқа атүсті қарайды. «Астана» футбол клубы да соның зардабын көріп келеді», - деді Ә.Жақсыбеков Қазақстан футбол федерациясының XVII конференциясында.

Оның айтуынша, «Астана» клубының жанындағы футбол орталығына барып жүрген жастар да, олардың ата-аналары да ойыншылардың шеберлігін шыңдау мен іріктеу шараларына қанағаттанбайды.

«Аптасына үш рет жаттығулар болады екен. Соның өзін дұрыс жүргізбейді, жастарды оқытпайді дейді. Шыны керек, ескі жүйеге ұқсайды. Қазір заман басқа, ондай әдіс-тәсілдер жүрмейді. Осы орайда клубтың президентіне айтарым көп, осы мәселеге дұрыс көңіл бөлінбейді. Кәсіби футбол орталықтары арқылы дарынды жастарды іздеу керек. Солардан футбол шеберлерін шығару қажет қой. «Астана» футбол клубының дайындық әдістемесі заман талабына сай болмаса, басқасы туралы айтудың өзі орынсыз шығар. «Қайраттан» басқасы кәсіби футболшыларды даярлау шараларына ешкім ден қоймайтын сияқты», - деп атап көрсетті Ә.Жақсыбеков.
null

Айта кетейік, бүгінгі конференцияда ҚФФ-ның «Алға, футбол! Алға, Qazaqstan!» атты жаңа стратегиясы таныстырылды. Аталған құжатта батыл бір мақсат бар. Ол - футболдың қазақстандық стилін қалыптастыру. Соның арқасында Қазақстанның футболы барша әлемге танылады деген жоспар бар. Сондай-ақ, жаңа стратегияда әйелдер клубтарын арттыру міндеті белгіленіп отыр. Алдағы уақытта Қазақстан футбол федерациясы ортанқол легионерлерден құтылмақшы. Бүгінгі конференцияда үш министр Қазақстан футбол федерациясына мүше болып сайланды. Ал ұйым басшысы Әділбек Жақсыбеков футболдағы жемқорлықпен қалайша күресетіні туралы айтып берді. 
null

Соңғы жаңалықтар