Әбілязов тауық сандарын 40 млн долларға сатып алған

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Мұхтар Әбілязовтің ісіне қатысты басты сот отырысы өтіп жатыр. 

Бүгінгі сот отырысында Әбілязовтің бақылауында болған оффшорлық компанияларды банк есебінен несиелеуге қатысты бірқатар оқиғалар қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2008 жылы «Grove Services, Inc» және «Daniels Tradekorp Inc» оффшорлық компаниялары арасында 50 мың тонна мұздатылған тауық сандарын жеткізу туралы шарт жасалады. БТА банк осы келісімшарттың жүзеге асуы үшін 40 млн АҚШ доллары болатын несие жүйесін іске қосқан», - деді бүгін сотта жәбірленуші тарап, банк өкілі Талғат Амантай.

Бұл несиелеу оқиғасында тауық сандарын сатып алу мәселесі бекерден ойластырылмаған. Банк басшылығы осы кесте арқылы көзбояушылық жасап, екі компания арасында коммерциялық бағыт бар дегенді көрсеткісі келген.

Алайда, іс барысында «Daniels Tradekorp Inc» компаниясының құрылтайшылары туралы құжатты №6-шы несиелеу бөлімінің қызметкерлері әзірлегені анықталды. Бұл бөлім қызметкерлері тікелей Әбілязовке бағынып, «бір күндік» компаниялар ашумен айналысқан.

Банк өкілінің айтуынша, кепіл қойылмағанына қарамастан, банк Әбілязевтің екі компаниясының келісімшартын қаржыландыруға 40 млн доллар қаражат бөлген. Мұнымен қоймай, «Daniels Tradekorp Inc» компаниясының директоры Suseth Walthia Parris-тің қатысуынсыз келісімшарт жасалған. Тіпті, ондай адам өмірде жоқ та болуы ғажап емес. Өйткені, несиелеу бөлімінің бір де бір мүшесі бұл компания басшыларымен кездеспеген, барлық қажетті құжаттарды Әбілязовтің жақын адамдарынан алып отырған.

Қорыта айтқанда, Әбілязов тауық сандарын сылтау қылып, БТА банкінен 40 млн доллар жымқырады. Бұл қаражаттар сол күйі қайтарылмаған.

Соңғы жаңалықтар