Әбдіров: Конституциялық бақылаудың жаңа бағыты заңдар сапасына жақсы әсер етеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Конституцияға енгізілген түзетулердің басым блогы Президенттің, Парламент пен Үкіметтің билік өкілеттіктерін қайта бөлу мәселелерін қамтыды. 

Бүгін Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын екінші оқылымда талқылау барысында депутат Нұрлан Әбдіров осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы ұсынған конституциялық реформа барынша дер кезінде қолға алынды әрі аса қажеттіліктен туындап отыр. Оны іске асыру үшін бізде барлық қажетті зияткерлік және ресурстық әлеует жеткілікті. Мемлекет басшысы ұсынып отырған заң жобасы Конституцияның 19 бабына 26 түзету енгізуді көздейді»,-деді заң жобасын қарау жөніндегі Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясы төрағасы, депутат Нұрлан Әбдіров.

Осы орайда ол түзетулердің басым блогы Президенттің, Парламент пен Үкіметтің билік өкілеттіктерін қайта бөлу мәселелерін қозғайтынын атап өтті. Бұл түзетулер Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға бағытталған.

«Президенттің қорғаныс қабілеттілігі, ішкі саясат, мемлекеттік басқару, Конституцияны қорғау және мемлекеттік билік тармақтарының тиімді жұмысы мен олардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі құзыретін сақтау дұрыс қадам болғаны күмәнсіз»,-деді депутат.

Атап айтқанда, Парламент заң шығару билігін жүзеге асыратыны туралы норма бекітіледі. Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңмен белгіленген өкілеттіктерінің басым бөлігін Үкіметке беру ұсынылды. Түзетулер сондай-ақ билік тармақтары арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету міндетін шешеді.

«Адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың жаңа пәрменді тетігі пайда болды. Негізгі Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары танылып қана қоймай, оларға кепілдік беріледі. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Президенті оған кепіл болып табылады.  Мемлекет конституциялық құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді қабылдай отырып, оны жүзеге асырудың құқықтық, ең алдымен, конституциялық тетіктерін белгілейді.   Мәселен, Мемлекет басшысы осыларды қорғау мүддесінде Конституциялық кеңеске қолданыстағы және қабылданған заңдардың, сондай-ақ өзге де құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру үшін жүгіне алады. Осындай конституциялық бақылаудың жаңа бағыты заңдар мен құқықтық актілердің сапасына жақсы әсер ететіні сөзсіз. Ал бұл болса, Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде одан әрі нығаюына ықпал ететін болады»,-деді Н. Әбдіров.

Айта кетейік, бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар  енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қабылданды . 

Соңғы жаңалықтар