52 адам ажал құшқан автобус өрті: Тергеу тағы бір айға ұзартылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Самара-Шымкент» тасжолында болған қайғылы оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары тағы бір айға созылды. Автобус жүргізушілері уақытша тергеу изоляторында отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске салсақ, биыл 18 қаңтар күні Ақтөбе облысындағы «Самара-Шымкент» автожолында Өзбекстан азаматтары мінген автобус өртеніп, 52 адам ажал құшқан болатын. 

Жапа шеккендер мен қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсету үшін Үкіметте ведомствоаралық комиссия құрылды.

Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша іс қозғалды. Өртте аман қалған бес адамның үшеуі - Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатов автобус жүргізушілері. 26 қаңтар күні оларға 24 наурызға дейін қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Кейін санкция мерзімі сәуір айына дейін ұзартылды.

Бүгін белгілі болғандай, қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасы тағы бір ай қолданылатын болады. Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, тергеу 24 мамырға дейін жалғасатын болады.  

Айта кетейік, бұған дейінгі тергеу барысында жүргізушілер өз кінәларын мойындаған жоқ. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, автобус иесіне іздеу жарияланды.

 

Соңғы жаңалықтар