26 сәуір: ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2018 жылғы 26 сәуірге арналған күнтізбені ұсынады. 

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық зияткерлік меншік күні

1970 жылдың 26 сәуірі күні Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Конвенциясы күшіне енді. 2000 жылы қыркүйек айында ДЗМҰ-ға мүше-елдер бұл күнді Халықаралық зияткерлік меншік күні ретінде жариялады. Бұл - білімнің барлық саласындағы өнертапқыш және шығармашыл адамдардың мерекесі.

Радиациялық апат құрбандарын еске алу күні

1986 жылы 26 сәуірде Чернобыль атом электр стансасында апат болды. ЧАЭС атомдық реакторы толығымен бүлініп, қоршаған ортаға радиоктивті заттар тарады. Радиация Украина мен Ресей, Беларусь мемлекеті мен Еуропаның бірқатар елдеріне тарады. Апат орнынан 30 шақырым қашықтық түгелдей уланды.

2003 жылы өткен ТМД саммитінде Украина президенті Леонид Кучма ТМД елдеріне 26 сәуірді Халықаралық радиациалық апаттар құрбандарын еске алу күні деп жариялау жөніндегі ұсыныс тастады.

Өткен жылдар ішінде апаттың жойқын салдарын еңсеру үшін көп күш-жігер жұмсалды. Апат салдарын жоюға Қазақстаннан 30 мың адам қатысты. Қазіргі таңда олардың шамамен 6 мыңға жуығының көзі тірі.

 

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1990 жылы соғыс адагерлері мен олардың отбасыларының тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында ҚазКСР Президенті «Мүгедектерге, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жауынгер-интернационалистерге, қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына қосымша жәрдемақы төлеу туралы» Жарлыққа қол қойды.

1994 жылы Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасында Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келісімге қол қойылды.

1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті бірінші рет «Алтын алқа» белгісін табыс етті. Орден статусына ие «Алтын алқа» белгісі 1993 жылы бекітілген. Көпбалалы аналарға беріледі.

1996 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Ресей және Тәжікстан мемлекеттерінің президенттері Шанхай келісіміне қол қойды.

1997 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев республиканың банкнот фабрикасы мен Мемлекеттік құндылықтарды сақтау қоймасына барды. Мемлекет басшысы жаңа қазақстандық банкноталардың эксперименттік шығарылуын тамашалап, елдің алтын-валюталық қорларының қоймасын қарап шықты.

2000 жылы Алматыда Давос аясындағы Еуразиялық экономикалық саммит ашылды. Басқосуға әлемнің 37 елінен 500-дей саяси басшылар, жетекші бизнесшілер мен халықаралық сарапшылар қатысты. Форумның төралқасын Әзербайжанның, Арменияның, Грузияның, Тәжікстан мен Өзбекстанның мемлекет пен үкімет басшылары құрады. Форумда Қазақстан, Грузия, Қырғызстан Президенттері, Әзербайжанның премьер-министрі сөз сөйледі. Мемлекеттер жетекшілері Еуразия өңірін дамыту мәселелерін, оның мүмкіндіктері мен проблемаларын, өңірдің инвестициялар үшін тартымдылығы мен оның әлемдік аренада атқаратын рөлін талқылады.

2002 жылы қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 26 сәуірдег №853  Жарлығымен «Ақтау теңіз порты» еркін экономикалық аймағы құрылды.

2009 жылы Алматыда Чернобыль атом электр станциясындағы апат қалдықтарын жойған қазақстандық жауынгерлерге арналған граниттен жасалған ескерткіш тақта орнатылды.

2010 жылы Амманда Иорданияның Сауда дамыту орталығын Астанада ашу туралы құжаттарға қол қою рәсімі өтті.

Орталықты ашу туралы шешім екіжақты экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай тереңдету және экономикалық-сауда қатынастарын нығайту мақсатында қабылданған болатын.

2012 жылы Астанада Қазақстан және араб әлемінің танымал ғалымы Насролла Мүбашшир ат-Таразидің 90 жылдығы атап өтілді.

2013 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы мен Гвинея-Бисау Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері деңгейінде бірлескен Коммюникеге қол қою арқылы екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды

2015 жылы Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Сайлауда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жеңіске жетті.

2015 жылдың ақпан айында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері Қазақстан Республикасы Президентінің мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастама көтеріп, мәжіліс депутаттарына жүгінді. Өтініште «әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында  күрделі халықаралық күн тәртібінің алдында жалпыұлттық бастама арқылы сайлауды өткізу - уақыт талабы» екендігі айтылған

2017 жылы КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Ермек Серкебаевтың аты Алматыда мәңгілікке қалды. Оның есімі Чайковский атындағы музыкалық колледждің Үлкен концерт залына берілді.

1966 жылы Ташкентте Рихтер бағамы бойынша қуаты 8 балдық ірі жер сілкінісі болды. Жер дүмпуі салдарынан 236 әкімшілік ғимарат, 700-ге жуық сауда және қоғамдық тамақтану орны, 26 коммуналдық кәсіпорын, 181 оқу орны, 36 мәдени-тұрмыстық мекеме, 185 медициналық және 245 өндірістік ғимарат қирады. 78 мыңға жуық отбасы немесе 300 мың адам баспанасыз қалды. Осы зілзала зардаптарын жою үшін бүкілодақтық құрылыс жарияланды. Алғашқы сәттен-ақ апат орын алған қалаға Кеңес одағының түпкір-түпкірінен мыңдаған жастар келе бастады.

 

ЕСІМДЕР

132 жыл бұрын (1886-1913) - татар ақыны, публицист Ғабдолла Тоқай дүниеге келді.

Қазақ Абайды қаншалықты биікке көтерсе, татар Ғабдолласын соншалықты пір тұтады. Ұлтты оятар отты жырлардың иесі Ғабдолла Тоқай бар-жоғы 27 жыл өмір сүріп, соңына өшпес мұра қалдырған ақын.

Үш жасында ғана әке-шешеден бірдей айырылған Ғабдолланы тағдыр бала кезінен-ақ сынапты. Бірақ, оның өмірдерегін ақтарып отырсақ, отты жастың жігері мұқалмағанына көзіміз жетеді. Ақын өзінің ғұмыры қамшының сабындай ғана боларын сезіп кеткендей, өмірге құштар жүрекпен, өлеңді өзгелерден ерек сүйіп, тірлігінде тынымсыз еңбек етіп кеткен екен. Жиырма жасқа толмай тұрып, түрік, парсы, араб, орыс тілдерін меңгерген ол өмірін де, өлеңін де туған еліне арнады. Өлең атты қасиетті өнерге ден қойғаннан бастап, жанары сөнгенше соңына мол мұра қалдырып үлгерді.

Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінде» татар ақынының өмір жолы туралы біршама толық мәлімет берілген. Батыс Қазақстандағы Орал қаласында әпкесі барын естіп, Ғабдолла 9 жасында сонда жөнелтілген. Әкесінің қарындасы Ғазизаның қолына келген жетім бала осы жерде ғана жетіліп, қатарға қосылғандай болады. Оралдағы әйгілі ғұлама, Мысырдың Әл-Асқар университетін бітіріп келген Мүтиғолла Тухватуллиннің «Мүтиғия» медресесіне оқуға түседі. Медресе жанындағы орыс мектебінен дүниәуи ғылымдарды, орыс тілін үйренеді. Шығармашылық таланты жарқырай ашылады. Титтейінен тағдырдың ыстық-суығын көріп шыңдалған Ғабдолла сол кезден-ақ ұлт ісіне араласа бастайды. Медреседе шығатын «Әл Ғасыр әл жәдид» («Жаңа ғасыр») қолжазба журналында Ғабдолланың тырнақалды дүниелері жарияланады. Ғабдолланың жақын досы әрі аттасы Ғабдолла Қариев «ол медреседегі ең білімді, алғыр шәкірт болатын» деп еске алған.

Қай жерде де ұлылар ең алдымен ұлтына қызмет етеді. Ғабдолла да жан-тәнімен өз ұлты үшін, татар халқының мүддесі үшін күресті. 1907 жылдың күзінде ақындық һәм күрескерлік атағы шыға бастаған 21 жастағы Ғабдолла Қазанға қарай бет алады. Қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы Абай болса, қамшының сабындай ғұмырында бес том шығарма қалдырған Ғабдолла Тоқай да татар ағайындар үшін сондай дәрежеде. Ол өмірден өгейлік көрсе де, өз халқына өгей бала еместігін ісімен де, сөзімен де дәлелдеп кетті.

Шиллерден аударған «Бесіктегі бөбек» деген небәрі екі-ақ жол өлеңін Тоқай өз тіліне тым еркін аударып, өз жанынан көбірек қосқан. Оның қосалқы көркемдік штрихтарды, фразеологиялық және идиомалық тіркестерді көбірек қолданғанын аңғаруға болады. Тоқай аударма саласының тылсым иірімдеріне терең бойлап, Крыловтың алпыс бес мысалын қапысыз тәржімалайды. Сондай-ақ, Байрон мен Шиллердің, Пушкин мен Лермонтовтың өлеңдерін түпнұсқадан шеберлікпен аудару - сол тұстағы әдебиетте кездесе бермейтін құбылыс еді. Сәбит Мұқанов сол кезде түркі халықтарының ішінде бірде-бір ақын Тоқай сияқты кең түрде әйгілі бола алмағанын айтып кеткен деседі.

Ғабдолла Тоқай 1913 жылы сәуір айында көз жұмған. Ал ақынның нақты қай күні дүниеден өткені туралы дереккөздер әртүрлі жазады. Бірінде оның Клячкин ауруханасында 2 сәуір күні кешкі сағат 8-дер шамасында көз жұмғаны айтылса. Тағы бірінде 15 сәуір күні Қазан қаласында қайтыс болғаны жазылады. Тағы бір деректерде ақынның қайтыс болғаны туралы хат 20 сәуір күні шыққан газет бетінде жарияланған екен.

Ұлт үшін талмай еңбек еткен ақынын халқы да ұмытқан жоқ. Бүгін де Татарстанның өнер мен әдебиет саласындағы ең үлкен мемлекеттік сыйлығы Ғабдолла Тоқайдың атында екенін айта кету керек.

null

118 жыл бұрын қазақтың әйгілі жазушысы, ақыны Сәбит Мұқанов дүниеге келген.

Сәбит Мұқанов қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар (бұрынғы Ақмола губерниясы, Қызылжар уезі, Таузар болысына қарасты екінші ауыл) деген жерде кедей отбасында 13 сәуір (26 сәуір) 1900 жылы туған. Сәбит жеті жасқа келгенде әкесі - Мұқан, сегізге толғанда шешесі өледі де, Мұстафа деген ағасының қолында қалады. Жетімдіктің ауыр қасіретін тартқан Сәбит он жасынан бастап өз бетінше еңбек етеді.

Жоқшылық зардабынан Сәбит әркімнің есігінде жүріп, отыншы, сушы, қойшы, жылқышы болып күн кешіреді. Тапқаны тамағына жетпей, мұқтаждық қолын байлаған ол - жасында оқи алмайды. Бірақ, оқысам, білсем деген арманы ойынан бір кеткен емес. Өз бетінше ұмтылып, ауыл молдаларынан хат таниды, 15 жасында қисса, дастандар оқи алатын халге жетеді. Татар молдаларынан сабақ ала жүріп, «Шәкір - Шәкірат», «Зылиха - Жүсіп», «Зарқұм», «Сал-Сал», «Зейне - Зайнап», «Ләйлі - Мәжнүн», «Сейфул - Мәлік», «Бадүғұл - Жамал», «Алпамыс», «Ер Тарғын» жырларын, Ғабдолла Тоқаевтің шығармаларын тауып алып оқиды. Бұл дастандардың көпшілігін Сәбит ауыл ішінде көбінесе жатқа айтып жүреді. Өлең шығаруға талаптанады, ел аузына ілігеді, ауыл ішінде өлеңші бала атанады. Абай Құнанбаевтың 1909 жылы басылған өлеңдері жинағымен танысқан ол Абайдай ақын болуды аңсайды. Абай поэзиясы Сәбиттің ақындық талантына зор қозғау салады. Жасынан ел аузындағы жыр-толғауларды, қисса-дастандарды жаттап, мақамдап айтып үйренген.

Қазан социалистік төңкерісінің жеңісі арқасында Сәбит Мұқанов та жалшылық қамытын біржола үзіп, аңсаған арманына жетті, жаңа өмір үшін күресушілердің алдыңғы қатарына саяси-әлеуметтік, қоғамдық істерге белсене қатынасты. Ол 1918 жылдың күзінде Омбы қаласындағы мұғалімдер курсына түсіп, онда бір жыл оқиды. Осы жылдары «Көңілім» (1917), «Зарығу» (1918), «Жоқшылыққа» (1918) өлеңдерін жазды. Білім ала жүріп, М.Жұмабаевқа хатшылық етті‚ оның педагогика тарихы курсынан оқыған лекцияларын қағазға түсірді. Өзі де алғашқы өлеңдерін Мағжанға оқып беріп‚ ақындық өнерін шыңдады.

Сәбит курсты бітіргеннен кейін ауылда мұғалім болады, жергілікті «Совдеп» жұмысына белсене араласады. Совет үкіметіне жан таласа қарсы тұрған бай-кулактардың бандиттік топтарын талқандауға төтенше құрылған әскери бөлім қатарына кіреді. Көкшетау ревкомының төрағасы болып қызмет атқарады. 1920 жылы жаз айында Жұмабаевтың жетекшілігімен оқытушылар курсы қайта ашылып, күзге дейін сонда оқуын жалғастырды. 1920 жылы Бүкілодақтық Коммунист (большевиктер) партиясына мүшелікке өтіп, 1921-1922 жылдары Петропавл қалалық партия комитетінде істейді. Осы тұста Сәбит Мұқановтың өлең, мақалалары «Еңбекші қазақ», «Жас қайрат», «Лениншіл жас» газеттері мен «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» журналдарында жиі басылды. 1922-1924 жылдары Оренбургтегі рабфакта оқып, орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларымен де танысады.

Партия орындарында қызмет атқара жүріп ол көп мәселелердің сырын ұғынады. Қазақ совет әдебиетінің өсуіне бөгет жасау ниетімен жаңашыл жас жазушыларды қақпайлап, тізгіндеп ұстамақ болған ұлтшыл-алашордашылардың зиянды әрекеттерін Сәбит дер кезінде байқап, Сәкен Сейфуллин бастаған советтік жас ақын-жазушылармен бірге тап жауларына қарсы күрес ашады. 1921 жылы коммунистік төтенше әскери бөлімнің жауынгері болды. 921-22 жылдары әртүрлі қызметтер атқарады‚ ел арасында астық жинау жұмысын жүргізді‚ Ақмола губерниясы ГПУ-дің Көкшетау болысындағы оперативтік уәкілі және РК(б)П Ақмола губернаторлық комитетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарды.

С.Мұқанов жиырмасыншы жылдары бірнеше ұсақ өлеңдермен бірге, «Жетім қыз күйі», «Тұлпар жорығы», «Балбөпе», «Батырақ», «Октябрьдің өткелдері», «Қанды көл», «Құланның құны» дейтін поэмалары мен «Сұлушаш» романын жазды.

1922 жылы Орынбордағы рабфакқа (жұмысшылар факультетіне) түсіп, оны 1926 жылы бітіреді. Баспасөз орындарында қызмет атқарды: Республикалық «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бөлімін басқарды, Қазақстан Мемлекеттік баспасының бас редакторы (1926-28) болды, осы кезде ұлтшылдарды әйгілеуге арналған айтысқа қатынасады. 1928 жылы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) университетінің филология факультетіне оқуға түсіп‚ аз уақыттан соң отбасы жағдайына байланысты Петропавл қаласына келіп‚ «Кеңес ауылы» газетінің редакторы және жазушылар бөлімінің жетекшісі болды. 1930 жылы жергілікті ақын-жазушылар шығармалары негізінде «Жарыс» атты альманах шығарып‚ Қазақстанның әр жеріндегі шығармашылық ұйымдарға үлгі көрсетті. 1932 жылы Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтының әдебиет бөліміне түсіп, оны 1935 жылы бітіреді. 1935 жылы республикалық «Кеңес ауылы», «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакторы қызметін атқарды. Қазақстан Жазушылар одағын (1936-37, 1943-51) басқарды‚ ҚазПИ-де (1937-41, қазіргі ҚазҰПУ) профессор болып, қазақ әдебиетінен дәріс береді.

Сәбит әр алуан қызметтер арқауымен қатар түрлі жанрда жаңа шығармаларын жариялады. Поэзияда: «Колхозды ауыл осындай», «Майға сәлем», «Сөз-советтік армия»; драматургияда: «Күрес күндерінде» (1938), «Алтын астық» (1939); прозада: «Жұмбақ жалау» (1938), «Менің мектептерім» (1940), «Балуан Шолақ» (1941) сықылды шығармалар осы жылдардың жемісі.

Екінші Дүниежүзәлік соғысы күндерінде ақын азаматтық, саяси лириканы өткірлей түсті. 1943 - 1951 жылдары Сабит Мұқанов Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып істеді. Бұл тұста да ол жас ақын-жазушыларды баулып, үнемі көмек көрсетіп отырумен қатар, өз творчествосын да байытып, «Сырдария», «Тыңда туған байлық», «Мөлдір махаббат», «Есею жылдары» атты романдары мен «Саяхаттар» (1945), «Туған жердің тыңында» (1955), «Адам Атаның шоқысында», «Алыптың адамдары» тәрізді очерктерін жазды.

Екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, Ленин орденімен марапатталды.


null 86 жыл 
бұрын (1932) Абылай хан атындағы Халықаралық қордың президенті УӘЛИХАНОВ Шота (Шот-Аман) Ыдырысұлы дүниеге келді.

Белгілі қазақ мүсіншісі, ҚР еңбек сіңірген сәулетшісі, Мемлекеттк сыйлықтың лауреаты. Республикалық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының төрағасы.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Мәскеу сәулет институтын бітірген. Қазақстан Республикасы Елтаңбасының авторларының бірі, Алматыдағы Тәуелсіздік монументі авторлары шығармашылық тобының жетекшісі, Шоқан Уәлихановқа, Тоқаш Бокинге, Астанадағы Кенесары ханға, Семейдегі Шәкәрімге орнатылған ескерткіштердің авторы.




84 жыл
 бұрын (1934) Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы ЛИТВИНОВ Николай Юрьевич дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысында туған. «Лениногорец», «Алтай» спорт клубтарының бокстан жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы жаттықтырушысы болған. Оның шәкірттері арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, кикбоксингтен кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпионы Е.Шідербаев бар.

Медальдармен марапатталған.


77 жыл
 бұрын (1941) қоғам қайраткері СӘРСЕКЕНОВ Төлен Бисенғалиұлы дүниеге келді.

Атырау қаласында туған. Астрахань балық өнеркәсібі және шаруашылығы технологиялық институтын бітірген. 1965-1966 жылдары - Гурьев кеме жөндеу зауытының шебері. 1966-1969 жылдары - Гурьев балық өнеркәсібі басқармасы бөлім бастығының орынбасары, бастығы. 1969-1971 жылдары - Қазақ КСР Балық шаруашылығы министрлігі басқармасының аға инженері. 1971-1977 жылдары - Қазақ Балықшылар одағының бас инженері. 1977-1980 жылдары - Қазақ КСР Балық шаруашылығы министрлігінің бөлім бастығы. 1980-1982 жылдары - «Рафрыба» кеңес-иран бірлескен кәсіпорны директорының орынбасары. 1982-1985 жылдары - Қазақ Балықшылар ұжымшары одағы басқармасының төрағасы. 1985-1990 жылдары - Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Іс басқармасының аға референті, бас маманы. 1991-1992 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Аппараты және Министрлер Кабинетінің аға маманы, аға референті, бас испекторы. 1992-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары - Балық шаруашылығы жөніндегі комитеттің төрағасы. 1993-1995 жылдары - «Балық» мемлекеттік акционерлік қоғамының президенті. 1996-1999 жылдары - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы басқармасының бастығы. 1999-2000 жылдары - «Жібек жолы» маркетинг бөлімінің бастығы. 2000-2004 жылдары -  Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аппарат кеңесшісі. 2004 жылдан бастап зейнет демалысына шыққан.


null 68 жыл 
бұрын (1950) ғалым-филолог, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтынының бас ғылыми қызметкері МАНКЕЕВА Жамал Айтқалиқызы  дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған.

Ғылым докторы, профессор. Қазіргі кезде «Қазақстанның «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жұмыс жасауда.


59 жыл
 бұрын (1959) пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері БОХОНОВ Валерий дүниеге келді.

Қарағанды облысының Саран қаласында туған. 1988-1993 жылдары  КСРО, Азия чемпионы, КСРО кубогының  жеңімпазы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Әлем және Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері болған.


null 53 жыл
бұрын Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры БАЙЖҮНІСОВ Ерік Әбенұлы дүниеге келді.

Ерік Әбенұлы Байжүнісов 1965 жылы 26 сәуірде Алматы облысында дүниеге келген. 1988 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын «хирург дәрігер» мамандығы бойынша, 1998 жылы - Мидлсек университетін (Ұлыбритания) «денсаулық сақтау менеджері» мамандығы бойынша бітірген. 1989-1998 жылдары Алматы облысы Қапшағай қалалық ауруханасында хирург-дәрігер, бас дәрігердің поликлиникалық жұмыс жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. 1998-1999 жылдары - Алматы облысы Еңбекшіқазақ орталық ауруханасы бас дәрігерінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары. 1999 жылы - ҚР Денсаулық сақтау, білім және спорт министрлігінің «Медициналық қызметтерге ақы төлеу орталығы» ММ ұйымдастыру жұмысы бөлімінің бас маманы. 1999-2000 жылдары - ҚР Денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттігінің «Денсаулық» РМК Медициналық қызметтерге ақы төлеу орталығының статистика, талдау және ақпараттық жүйелер басқармасы бастығының орынбасары. 2000-2002 жылдары - ҚР Денсаулық сақтау ісі жөніндегі агенттігінің «Денсаулық» РМК-нің ұйымдастыру, кадр және құқық жұмысы бөлімінің бастығы. 2002-2005 жылдары - ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің бас сарапшысы. 2005-2008 жылдары - Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы бастығының емдеу ісі жөніндегі бірінші орынбасары. 2008-2010 жылдары - Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының бастығы. 2010-2014 жылдар аралығында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, 2014-2015 жылдары Денсаулықты дамыту республикалық орталығы» мекемесінің бас директоры; 2015 жылдан бастап Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы, басқарма басшысы болды.

Қазіргі қызметінде 2017 жылдан бері.


null 51 жыл
бұрын(1967) ҚР Бас штабы бастығының орынбасары ТАЛАСОВ Мұхамеджан Қадыржанұлы дүниеге келді. 


Қызылорда облысы Арал ауданының Сексеуіл стансасында дүниеген келген. 1989 жылы Ленинград жоғары әскери инженерлік құрылыс училищесін тәмамдаған. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. 2006 жылы Орта-Азиялық университетті тәмамдады. 2013 жылы Ұлттық қорғаныс университеті жанындағы жоғары академиялық курсты аяқтады. Құрылыс училищесіндегі оқуды аяқтағаннан кейін 1989 жылғы маусымнан бастап Қарулы Күштердің құрылыс бөлімшелерінде қызмет атқарған. 2003 жылғы наурызда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы басқармасы пәтер пайдалану қызметінің бастығы болып тағайындалды. 2004 жылғы қазан мен 2007 жылғы тамыз арылығында Қазақстан Республикасының экономикалық және сыйбайлас жемқорлық қылмыспен күрес агенттігінде қызмет атқарды. 2009 жылғы қаңтарда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тыл жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 2010 жылғы сәуірде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Тылының бастығы болып тағайындалды. 2012 жылғы мамырдан бастап Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы болды. 2013 жылғы сәуірде Бас штабы бастығының орынбасары - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы болып тағайындалды. 2017 жылғы тамызда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары болып тағайындалды.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. 


null 39 жыл
бұрын (1979) ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары ЕРҒОЖИН Дәулет Еділұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (1998) «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша; Экономика және құқық университетін (2001) «Құқықтану» мамандығы бойынша; ЗиГСоІк (2003) іскерлік әкімшілендіру магистрі мамандығы бойынша бітірген. 
1998 жылдан - «ҚазТрансОйл» ҰК» АҚ клиринг департаментінің маманы болған. 2003 жылдан - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Солтүстік Каспий жобасы департаменті директорының орынбасары. 2005 жылдан - «ҚазМұнайТеңіз» ҰК» АҚ  экономика және қаржы жөніндегі бас директордың орынбасары. 
2006 жылдың мамырынан - ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі - ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі кеңесшісі. 
2007 жылдан - ҚР қаржы вице-министрі. 2008 - 2014 жыл аралығында ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы болды. 
2014 жылдың тамызынан ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы болып қызмет етті.  

Қазіргі қызметінде 2016 жылдың қараша айынан бастап.


null 57 жыл
 бұрын (1961) композитор ЖҰМАЛЫҰЛЫ Бақтығали дүниеге келді.

Атырау облысы Қызылқоға ауданында туған. Атырау педагогикалық институтының музыка бөлімін және Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1990-2000 жылдары - Ақтөбе педагогикалық институтында, кейін Құдайберген Жұбанов атындағы университетте оқытушы болды. 1991 жылдан «Серуен» көркемдік тобына жетекшілік етеді. Бұл топ Шәмші Қалдаяқов атындағы конкурстың лауреаты атанған болатын. «Назерке», «Әкеме», «Наурыз тойы», «Шашу», «Қариялар», «Қара нарым», «Мен сені ұнатамын», т.б. 50-ге тарта әндердің авторы. Оның әндерін Бақыт Шадаева, Айжан Нұрмағамбетова, тағы басқалар орындайды.


null 54 жыл
 бұрын (1964) боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықтырушысы  ҚЫЛЫМОВ Асылбек Сақтапбергенұлы дүниеге келді.

Ресейде туған. 1979-1982 жылдары Еуропаның, КСРО-ның жастар арасындағы біріншілігінің, оқушылар спартакиадасының, КСРО жасөспірімдері арасында бокстан өткен біріншіліктердің жеңімпазы атанған. 1983-1986 жылдары КСРО-ның, КСРО Кубогының чемпионы, Тайланд, Индонезия, Франция, Түркия, Солтүстік Корея, Финляндия, Болгария, Германия, Румыния, Польшада өткен халықаралық турнирлердің, КСРО-АҚШ  кездесулерінің жеңімпазы атанған. 1984 жылдың көрсеткіші бойынша А.Қылымов Еуропаның ең үзік және 75 кг салмақ дәрежесіне дейінгі әлемнің үшінші боксшысы атағына ие болған.


null 45 жыл 
бұрын (1973) бессайысшы,  26-шы Олимпиады ойындарының чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері ПАРЫГИН Александр Викторович дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақтың дене тәрбиесі институтын бітірген. Азия чемпионатының күміс жүлдегері,  12-ші Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы,  Әлем кубогының күміс жүлдегері атанған.

«Парасат» орденімен марапатталған.


null 97 жыл
 бұрын (1921) Даңқ орденінің толық иегері ВЕЛИЖАНЦЕВ Александр Федорович дүниеге келді.

РФ-нің Курган облысында туған. 1943 жылы армия қатарына шақырылған. Орал әскери аймағында өз міндетін атқара жүріп, жүргізуші-механик білімін алу үшін курсант ретінде 39-оқу танкі полкіне жіберілген. Курстарды аяқтаған соң бірінші Украин майданының 4-ші танк армиясы құрамында болған. Ұрыстағы көрсеткен қимылдары үшін бірінші дәрежелі Даңқ орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Батыс Украина ұрыстарында, Висла, Одер өзендерінен жедел өтуге және басып алынған плацдармдарды ұстап тұру барысында ерен ерлік көрсеткен. 1960 жылы Қазақстанға көшіп келген. Қазіргі уақытта Ақмола облысының Шортанды ауданында тұрады.

 

 

Соңғы жаңалықтар