24 желтоқсан - қазақты әлемге танытқан батыр Бауыржан Момышұлы туған күн

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1910 жылдың 24-ші желтоқсаны күні Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы дүниеге келді. Арада 30 жылдан астам уақыт өткеннен кейін Германияға қарсы соғыста асқан ерлігімен әлемді аузына қаратқан батыр Бауыржан бүкіл халық мақтан тұтар қазақтың даңқты қолбасшысына айналды.

Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген. Ленинград қаржы академиясы жанындағы курсты, Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітірген. 1936 жылы Қызыл армияның қатарына алынып, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болған. Соғыс басталысымен 316-шы атқыштар (кейіннен 8-ші гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене қатысып, сол дивизия құрамында майданға аттанады.

Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысып, Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия батальоны, бұдан кейін полк командирі болған. 1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде батыр Бауыржан өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери маман ретіндегі таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды.

Бауыржан Момышұлы әскери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлғалардың бірі болып тарихта қалды. Оның атақ, даңқы, батырлығы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында кеңінен суреттеледі. Аталған кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз және өзге де шетел тілдеріне аударылған. Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Кеңес армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналысып, Кеңес армиясы әскери академиясында сабақ береді.

1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмысқа бет бұрады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін туындыларына арқау етеді. Батырдың қаламынан туған, өмір шындығын суреттейтін тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Күні бүгінге дейін үлкен сұранысқа ие туындылар бірнеше қайтара басылып шығуда.

Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталған. Кеңес Одағының батыры атағын алды. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын.

Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағы берілді. Орыс жазушысы Александр Бектен бөлек, Бауыржан Момышұлының өмірін арқау еткен Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты роман-дилогиясы, Мекемтас Мырзахметұлының «Бауыржан Батыр» атты кітабы, Мағира Қожахметованың «Тосын сыр-сұхбат» атты пьесалары жарық көріп, жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Полковниктің жарияланбаған жазбалары» пьесасы қойылды.

«Қазақфильм» киностудиясы «Ел басына күн туса» атты көркем фильм түсірді. Мәскеу академиялық драма театры Бауыржан Момышұлы туралы «Волоколамск тас жолы» спектаклін қойды. 2001 жылы Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығы ашылды. Батырға туған жерінде, Астана қаласында ескерткіштер қойылып, Мәскеу облысы Волоколамск қаласында батырдың тас мүсіні орнатылды.

Батыр Бауыржан Момышұлы 1982 жылы 10 маусымда өмірден өткен.

Соңғы жаңалықтар