23 қаңтарда Универсиада қалашығына спортшылар орналаса бастайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 23 қаңтарда 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада қалашығына спортшылар орналаса бастайды. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда дайындық жұмыстары өз мәресіне жетуге жақын. 4-ші қаңтарда Иманғали Нұрғалиұлының (Премьер-Министрдің орынбасары Тасмағамбетов) төрағалымен ұйымдастыру комитетінің отырысы өтті. Отырыс барысында дайындықтың жай-жапсары егжей-тегжейлі талқыланды. Берілген бірқатар тапсырмалар, оның ішінде қалалық қызмет көсрету мекемелерінің жұмысы, коммуналдық шаруашылықты дайындау сияқты мәселелер бойынша қызу дайындық жүргізілуде», - деп атап өтті қала басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, Универсиада қалашығы алдағы жұма 20 қаңтар күні 100 пайыз дайын болады.

«Қатысушылардың ең бірінші кіруі 23 қаңтарда орын алады. Олар Қазақстан мен Канада командалары. Келушілердің шырқау шегі 26 қаңтарда күтілуде. Ол кезде 24 елден 700-ден астам спортшы келеді. Жалпы, 2200 спортшы мен 100-ден аса  ресми өкілдер келеді деп күтілуде», - деді Байбек.

Қала басшысының айтуынша, Универсиада қарсаңында Алматының әуежайы мен темір жол вокзалдарындағы сервис көрсету деңгейі жақсарып, қаланы келбетті абаттандырыла түскен.

«Біз бұл нысандардың қызмет көрсету сапасының арттырылуын, лаңкестікке қарсы және санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік деңгейін бірнеше мәрте тексердік. Барлық проблемалық мәселе шешілді. 100 пайыздық дайындық 20 қаңтарда қамтамасыз етіледі. Дәл осындай жұмыстар қоғамдық тамақтану мен қонақ үйлерге қатысты да жүргізілді», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар