2018 жылы баспанасыз әскери зейнеткерлерге біржолғы ақшалай өтемақы беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасының мақсаты мен маңызы баспанаға мұқтаж болған барлық әскери қызметшілердің санаттарын төл тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады. Қарастырылып отырған тетіктерге тоқталсақ, әскери қызметшілерге екінші деңгейлі банктердегі жеке арнаулы есеп-шотына ай сайын тұрғын үй төлемдері аударылатын болады. Тұрғын үй төлемдерінің мөлшері еліміздің тиісті өңіріндегі баспананың 1 шаршы метр құнын әскери қызметші отбасы мүшелерінің әрқайсысына тиесілі пайдалы аудан нормаларына, яғни бір адамға шаққанда 18 шаршы метрге көбейту арқылы есептеледі. Баспана мәселесін шешудің бұл түрінің анық артықшылығы бар»,- деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров заң жобасы бойынша жасаған баяндамасында.

Әскери қызметшілер осы тұрғын үй төлемін тек келесі мақсаттарға жұмсай алады: ипотекалық несиені пайдалана отырып, баспананы сатып алуға; тұрғын үй арендасын төлеуге, оның ішінде баспананы кейіннен сатып алу құқығымен жалға алуға; үлестік баспана құрылысына тұрғын үй құрылыс кооперативіне қатысқан кезде жарналарды төлеуге; тұрғын үй құрылысы жинақтарын жинауға және баспана жағдайларын жақсартуға пайдалана алады.

«Заң жобасы әскери қызметшілердің баспанасыздық проблемасының басқа да түйткілді түйіндерін тарқатуға бағытталған. Бірінші кезекте 20 жыл және одан көп ғұмырын әскери борышты өтеуге арнаған әскери зейнеткерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің маңызды мәселесі шешімін таппақ. Олардың біразы көшіп кетуге мүмкіндігі болмағандықтан, әлі күнге жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда төл баспанасыз қызметтік тұрғын үйлерде өмір сүруге мәжбүр. Әскери зейнеткерлердің тағы бір бөлігі тіпті ешқандай баспана берусіз қызметтен шығарылған. Бұл ретте заң жобасымен қандай да бір тұрғын үй берілместен, қызметтен шығарылған осы әскери зейнеткерлер біржолғы ақшалай өтемақыны алдағы 2018 жылы алатын болады. Яғни олардың тұрғын үйге деген құқығы толық іске асырылады», - Т. Мұхтаров.

Оның сөзіне қарағанда, әскери қалашықтарда тұрып жатқан зейнеткерлерге де біржолғы ашқалай өтемақы төлеу көзделген.

«Осының арқасында ведомстволардың қолданыстағы қызметтік тұрғын үй қоры босатылады және ол баспаналар іс басындағы әскерилердің кіруіне ұсынылады», - деді министрдің орынбасары.

Соңғы жаңалықтар