2017 жылы елорданың тұрғын үй нарығы қалай құбылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығы үшін соңғы 2 жыл оңайға соғып отырған жоқ. Инфляция өсімі мен валюта бағамының күрт құбылуы кезінде де баспана бағасы төмендеген емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ағымдағы жылы теңге бағамының нығая түсуінің өзі жылжымайтын мүлік нарығының қайта жандануы мүмкін деген болжам жасауға түрткі бола алмақ емес. Сараптамалық қызметтердің басым бөлігінің мәліметтерінше, Қазақстанның барлық қалалары мен облыстарына қарағанда осы жылғы сатып алу-сату мәмілелерінің басым бөлігі Астана қаласында тіркелген. Елордада баспана сатып алудың артуына не түрткі, жалпы биыл тұрғын үй бағасы қалай болмақ?

Астанада пәтер сатып алу-сату мәмілелерінің арта түсуіне мұнайдың әлемдік бағасы мен елдегі қаржылық жағдайдың тұрақтылығынан бөлек, маусым мен қыркүйек айларында өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі де себеп болып отырғаны анық жайт.

«Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ сарапшыларының айтуынша, халықаралық көрме қарсаңында жаңа салынған баспана бағасының өсе түсетіндігі сөзсіз. Дегенмен баға өсімі шамамен 7-10 пайыз төңірегінде ғана болмақ. Керісінше, екінші нарықтағы жылжымайтын мүлік бағасы төмендей түсетін болады. Ал ЭКСПО көрмесі аяқталғаннан кейін тұрғын үй нарығындағы басы арты пәтерлердің өте көп болуына байланысты баспана бағасы құлдырауы мүмкін.

Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының сарапшылары да  алдағы уақытта тұрғын үй бағасының төмендейтіндігін болжағанымен пәтер құны оның қала аумағында орналасқан орнына байланысты ауытқып тұратындығын алға тартуда. Олардың пайымынша, 2017 жылдың ортасына дейін бастапқы нарықтағы пәтер бағасы шамамен 25, ал екінші нарықтағылар тіпті 40 пайызға дейін құлдырауы ықтимал.

ҚР Риэлторлар қауымдастығының президенті Нина Лукьяненко екінші нарықтағы баспана бағасының төмендеуіне негізгі себептердің бірі «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылуы және алдағы уақытта міндетті түрде пайда болатын қолжетімді бағадағы жаңа құрылыс нысандары деп санайды.

«Банктер мен девелоперлер арасында жаңа бірлескен жобалардың пайда болуын күтемін. Бұл сатып алушылардың пәтерлі болуына көмектесетін жаңа өнім әзірлеуге мүмкінді береді. Мәселен, несие теңгемен жылына 2,12 пайыз болуы мүмкін. «Нұрлы жол» бағдарламасы мен қолжетімді бағаға салынатын жаңа құрылыс нысандары екінші нарықтағы бағаға әсер етеді. Сондықтан сатушылар пәтерді өткізу үшін өте айтарлықтай арзандатуы мүмкін», - деді Лукьяненко.

Бірақ, тұрғын үй бағасының төмендеуіне банктердің немесе мемлекеттік бағдарламалардың әлеуетті сатып алушылар үшін барынша тиімді ұсыныстарынан туындайтын бәсекелестік қана емес.

Homsters.kz жылжымайтын мүлік онлайн-сервисінің басқарушы серіктесі М.Реннің пайымынша, баспана құрылысының күрт нашарлай бастауы да оның құнының төмендеуіне түрткі болып отыр.

«Екінші нарықтағы баспаналардың сапасының нашарлай бастауына, тозу деңгейінің жоғары болуына орай қызығушылық кеми түседі. Бұл сатушылардың тәбетін тартып, өз нысандарын сату барысында біршама жеңілдік жасауына себеп болады. Бүгінгі күні мұндай жеңілдік бастапқы жария етілген бағаның 10-15 пайызына дейін жетуі мүмкін», - деді Рен.

Айта  кетерлігі, Статистика комитетінің мәліметтерінше, Астанада жаңа салынған пәтерлердің 1 шаршы метр шамамен 340 мың теңгені құрайды. Ал екінші нарықтағы баспана құны болса шаршы метріне 313 мың теңге төңірегінде болып отыр.

Демек, сарапшылардың болжамынша, ағымдағы жылы елордада жаңа салынған пәтерлердің құны біршама көтеріліп, ал екінші нарықтағы баспана бағасы біршама төмендейтін болады. 

Соңғы жаңалықтар