2017 жылы экономиканың өсім 3,4 пайыздан кем болмайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы 9 айда негізгі капиталға инвестициялар көлемі 4,4 пайызға өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында 2017 жылғы қаңтар-қыркүйектегі әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындыларын баяндау кезінде ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«9 айдың қорытындысы әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық салаларында жағымды үрдісті көрсетіп отыр. Осыны ескере отырып, 2017 жылдың қорытындысы бойынша біз экономиканың өсуін кем дегенде 3,4 пайыз деңгейінде күтеміз», - деді Т. Сүлейменов.

Оның сөзіне қарағанда, экономиканың дамуына оң әсерін тигізетін инвестициялардың өсу серпіні біртіндеп жақсаруда. Ағымдағы жылғы 9 айда негізгі капиталға инвестициялар көлемі 4,4 пайызға өсті.

Инвестицияның неғұрлым өсуі саудада және құрылыста, сондай-ақ жылу және сумен жабдықтау желілерін жаңғырту нәтижесінде өнеркәсіпте байқалады. Айталық, сумен жабдықтау және кәріз жүйесі салаларында инвестициялар 46,5 пайызға, электрмен жабдықтауда - 15,6 пайызға өсті.

«Қаржыландырудың сыртқы көздері бойынша төмендеу байқалса, негізгі капиталға инвестициялардың өсуі ең алдымен ішкі көздерден қамтамасыз етілген. Мәселен, ішкі көздері есебінен инвестициялар нақты мәнде 19,2 пайызға өсті, бұл ретте сыртқы көздер есебінен - төрттен үш бөлігінен аса төмендеді. Осылайша, ішкі көздер есебінен қыркүйекте инвестициялардың өсуі жылдамдады», - дейді министр.

 Бұдан бөлек ол іскерлік белсенділік аясында экономиканы несиелеудің өсуі байқалғанын сөз етті. Ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша негізінен ұзақ мерзімді несиелердің 11 трлн теңгені құрап, 4,5 пайызға дейін өсуі есебінен кредиттер жылдың басымен салыстырғанда 2,6 пайызға өсті. Қысқа мерзімді несиелер көлемі 6,4 пайызға төмендеп, 2,1 трлн  теңгені құрады.

Жаңа кредиттер негізінен сауда, байланыс, көлік және құрылыс сияқты экономиканың өндірістік емес салаларына бағытталғанын атап өту қажет.

Әлемдік нарықтардағы қолайлы баға конъюктурасы және экспорттың импорттан басым болуы сауда теңгерімінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге септігін тигізді. Мәселен, ағымдағы жылғы 8 айда сауда теңгерімінің сальдосы 62,7%-ға өсіп, 11,9 млрд АҚШ долларын құрады.

Жалпы елдің сыртқы сауда айналымы 26,4%-ға ұлғая отырып, 48,7 млрд. АҚШ долларын құрады.

«Тұрақты макроэкономикалық жағдайдың аясында тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы кірісі 2017 жылғы бірінші жартыжылдықта 8,6%-ға өсіп, 10,5 млрд АҚШ долларына дейін жетті. Қазан айының басында Алтын-валюта қорының 10,2 пайызға өсуінің есебінен елдің халықаралық резервтері 89,4 млрд АҚШ долларын құрады, бұл Алтын-валюта қорының ең төменгі деңгейінен 3 еседен аса артық», - деді Сүлейменов.

Соңғы жаңалықтар