2016 жылы Қазақстанда 368,8 мың жұмысшы қауіпті жағдайда жұмыс істеген - Тамара Дүйсенова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласындағы «Көрме» орталығында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің  қолдауымен, Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай, еңбекті қорғау және өнәркәсіп қауіпсіздігі жөніндегі «KIOSH-2016» VIІ қазақстандық халықаралық конференциясы мен көрмесі өз жұмысын бастады.

Конференция мақсаты - кәсіпорындарда жарақаттанудың азаюына, өндіріс нысандарында апат қаупін төмендетуге, қоғамға және қоршаған ортаға тигізетін шығынды азайтуға, кәсіби аурулардың алдын алуға, еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік органдардың, бизнестің және қоғамдық ұйымдардың күш-жігерін біріктіру.

Конференцияны ашқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету мен өндірістік жарақаттануды азайту Үкімет пен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үшін басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. 

«Ресми статистикаға сүйенсек, 2016 жылы тексеруден өткен 1,7 млн кәсіпорын жұмысшыларының 368,8 мыңы немесе әрбір төртінші азамат қауіпті әрі зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 670,3 мыңнан астам адам зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін қосымша еңбек демалысы, үстемақы, қысқартылған жұмыс күні және тағы басқа жәрдем түріндегі өтемақы алды. Аталған мақсаттарға жұмыс берушілер 99,7 млрд теңге көлемінде қаржы бөлді», - деп хабарлады Тамара Дүйсенова.

2016 жылдың 1 қаңтарында күшіне енген жаңа Еңбек кодексінде Республика кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғауды басқарудың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру мақсат тұтылған.

2016 жылдың басынан бері ел бойынша құрылған 12 мың 257 өндірістік кеңестің шешімдері жұмыс берушілер үшін міндетті болып саналады.

Өндірістік нысандардағы еңбек жағдайын аттестациялауға талап күшейіп, мұнда сынақ зертханаларының міндетті аккредитациясы болуы қарастырылған.

Жұмыс берушілерді қызметтерін ерікті түрде декларациялау арқылы ынталандыру тетіктері көзделген.

Министр кәсіби тәуекелдерді басқаруға қатысты тиімді жүйенің жоқтығы, еңбек жағдайы бойынша өндірістік нысандарды аттестациялау сапасы, қолға алынған шаралардың тиімділігінің төмен болуы және жұмыс берушілердің қызметкерлердің нормативтік санын сақтамауы, зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмысшылардың еңбекақысын төлеу секілді бірқатар өзекті мәселелердің шешімін табу қажеттігін атап өтті.

«Кәсіби тәуекелдерді басқарудың қазіргі заманғы жүйесін енгізген жөн. Бұл үшін кәсіби тәуекелдерді басқару негізінде еңбек қорғау жүйесінің қазіргі ахуалына баға беріледі. Жақын арадағы 3 жылда бұл саладағы нормативтік-құқықтық актілер қайта сүзгіден өтеді.

Зардап шеккен жұмысшыны әлеуметтік қорғауда өндірістегі жасырын оқыс оқиғаларды анықтау мен тәуекелдерді бағалау жүйесі негізінде назардағы субъектіге бара отырып, алдын алу шараларын кеңейту арқылы мемлекеттік бақылау тиімділігі көтеріледі.

Еңбекті қорғау саласында қызметтерді автоматтандыру жоспарлануда. Жұмыс орындарындағы оқыс оқиғалардың алдын алу бағдарламаларын жетілдіру мен басымдықты айқындауда шынайы мазмұндағы деректерді жинау маңызды.

Сонымен қатар, әлеуметтік серіктестік институтын тиімді қолданған жөн. Еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау мәселелері, мемлекет пен жұмыс берушілер бірлестіктері және кәсіподақтар арасындағы уағдаластық аясында, әлеуметтік серіктестіктің барлық деңгейінде қамтылатын болады», - деді Тамара Дүйсенова.

Екі күнге болжанған конференция барысында Қазақстан кәсіпорындарындағы еңбек жағдайы және оны жақсартуға қатысты қолға алынған шаралар, ҚР мемлекеттік еңбек инспекциясы мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің бақылау-қадағалау тыныс-тіршілігі мәселелері талқыланады деп күтілуде.

Сондай-ақ, форумда, республиканың жұмыс берушілерінің арасында еңбек қауіпсіздігі мен қорғалуы бойынша «Сенім» байқауының нәтижесі белгілі болады.

Естеріңізге сала кетейік, «KIOSH» көрмесі - өнеркәсіп қауіпсіздігі саласында тәжірибе алмасу мен соңғы жылдардағы жетістіктерімен бөлісуге арналған Қазақстандағы жалғыз мамандандырылған алаң. Көрмеде құрылыс, көлік, энергетика, химиялық, тау-металлургиялық, мұнай-газ өнеркәсібі салаларында қауіпсіздікті жан-жақты қамтамасыз етуге арналған  өнімдер мен қызметтер толық ұсынылған.

Жұмысшылардың құқығын қорғау, олардың әлеуметтік қорғалуы мен еңбек қауіпсіздігін арттыру мәселелеріне назар аудару мақсатында Халықаралық еңбек ұйымы 28 сәуірді Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні етіп жариялағаны белгілі.

Соңғы жаңалықтар