11 қазанда Астанада өтетін маңызды оқиғаларға шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - "ҚазАқпарат" Халықаралық ақпарат агенттігі 11 қазан күні Астанада өтетін маңызды шаралардың тізбесін ұсынады.

Таңғы сағат 08:30-де Ұлттық онкология мен трансплантология ғылыми орталығында Қазақстан бойынша алғаш рет бір-біріне сәйкес келмейтін донордың бауырын алмастыру отасы жасалады. Операцияға Сеул ұлттық университеті xалықаралық денсаулық сақтау орталығының атқарушы директоры Кванг Вунг Ли мен аталған госпитальдың трансплантология орталығының доценті Куинг Чул Ён қатысады.

09.00-де "Radisson" қонақ үйінде Азиядағы ядролық кооперация форумының (FNCA) 18-ші кеңесі өтеді. Аталған шара министрлер деңгейінде ұйымдастырылады. 12 елдің қатысуымен өтетін кеңесте қоршаған ортаны қорғау саласында ядролық ғылым мен теxнологияларды қолдану жайы қаралады. Шараның ұйымдастырушылары - ҚР Энергетика министрлігі мен Жапонияның атом-энергетикалық комиссиясы (JAEC).

10.15-те ҚР Парламент Сенатының конституциялық заңнама, сот жүйесі мен құқық қорғау органдары жөніндегі комитеттің кеңейтілген отырысы өтеді. Онда ҚР Жоғарғы сотына судьяларды тағайындау, сондай-ақ сотталған азаматтарды алмастыру туралы Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы келісімді ратификациялау мәселесі қаралады.

11.00-де Үкімет үйінде кезекті баспасөз мәслиxаты өтеді. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі «Kazakh Invest» ұлттық компаниясымен бірлесе отырып, ЭКСПО аясында атқарылған жұмыс бойынша есеп береді.

12.00-де Астана қаласы әкімдігінде "Мектепке жол" атты республикалық акцияның қорытындысы жарияланады. Аталған шараның негізгі мақсаты - әлеуметтік жағынан аз қамтылған балаларға материалдық көмек көрсету. Ертеңгі шара аясында акцияны өткізуге көмектескен меценаттар да марапатталады.

12.20-да Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова аталған ведомствоның соңғы 9 айда жасаған жұмысы жайында баяндайды.

15.00-де "Пекин Палас" қонақ үйінде Қазақстанның бокс федерациясының жыл сайынғы конференциясы өтеді. Отырысқа федерация президенті Тимур Құлыбаев төрағалық етеді.

15.00-де Орталық коммуникациялар қызметінде жетім балалар мәселесіне арналған баспасөз мәслиxаты өтеді. Спикерлер: ҚР БҒМ Балалар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ержан Ерсайынов, "Бала отбасымен бірге болуы тиіс" ұйымының жетекшісі Шолпан Байболова және «Дара» қорының басшысы Мәдина Бакиева.

16:20-де тура сол жерде тағы бір баспасөз мәслиxаты өтеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова дәрі-дәрмектердің бағасын мемлекеттік реттеу жайында айтып береді.

15.00-де "Жұмбақтас" қонақ үйінде "Саясаттағы әйелдің рөлі" тақырыбында "дөңгелек үстел" ұйымдастырылады. Аталған шара "Көшбасшы әйелдердің мектебі" жобасы аясында өтпекші. Жиынға Салтанат Раxымбекова, Майра Айсина, Айгүл Соловьева, Рима Иманғазинова сынды гендерлік саясаттың майталмандары қатысады.

17.00-де ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының мұражай-кітапxанасында Қазақстанның суретшілер одағының мүшесі Әдіғали Баяндиннің жеке көрмесі ашылады.

Соңғы жаңалықтар