10 мың батысқазақстандық «Қазтест» сынағынан өтеді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында биыл 10 мың тұрғын «Қазтест» сынағынан өтпек. 

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Махамбет Ихсанғали мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
null 

Оның айтуынша, ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты ұлттық тест орталығының мақұлдауымен облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырып келе жатқан «Қазтестің» алдағы сынақтары сәуір, маусым және желтоқсан айларына жоспарланған. Қазірдің өзінде 3 мыңға жуық адамнан тест тапсыруға өтініш түскен. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында белгіленгеніндей, 2020 жылы облыс тұрғындарының «Қазтестпен» қамтылуын 90 пайызға жеткізу көзделуде.

Өңірде аталмыш сынақ 2013 жылы басталған болатын. Сол жылы - 2002, 2014 жылы - 1500, 2015 жылы - 2200, 2016 жылы 2063 адам «Қазтестке» қатысса, биылғы ақпан айының 20-28-і аралығында Орал қаласы мен Бөрлі, Теректі, Шыңғырлау аудандарында 2079 адам өз бақтарын сынады.
null 

Айта кетейік, қазіргі таңда аумақты дамыту бағдарламасындағы мақсатты индикаторлық көрсеткішке сәйкес облыс тұрғындарының 75 пайызы мемлекеттік тілді жетік меңгерген. Олардың қатарын 2020 жылға қарай 95 пайызға жеткізу мақсатында жоспарлы жұмыстар жыл сайын атқарылып келеді. Мысалы, мемлекеттік тілді оқыту курсымен 2014 жылы - 850, 2015 жылы 805 адам қамтылды. Олардың 150-і - мемлекеттік қызметшілер. 2016 жылы 665 адам курстан өткен болса, биыл 670 адамды оқыту жоспарланып отыр. 

Соңғы жаңалықтар