1 жастағы баласын қаңғыртып жіберген әйел аналық құқығынан айырылуы мүмкін

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 1 жастағы баласын қаңғыртып жіберген әйел аналық құқығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлім етті.

Оның айтуынша, Ресей Федерациясының азаматшасы мас күйінде 1 жастағы баласын көшеде тастап кетіп қалған.

«Өзінен сұраған кезде Алматы облысындағы шаруа қожалықтарының бірінде жұмысқа тұрмақшы болдым деп түсіндірді. Қазір келіншек ҚР ҚК 119-бабы бойынша (қауіп-қатерде қалдыру) қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Бұлтартпау шарасы туралы шешім қабылданады. Сонымен қатар, қосымша оны аналық құқығынан айыру мәселесі де көтерілетін болады. Өйткені, ондай адам балаға дұрыс ана бола алмайды», - деді Салтанат Әзірбек.

Айта кету керек, 1 жастағы бүлдіршіннің №2 қалалық аурухананың гематология бөлімшесінде жатқанына 2 аптадан асты.

Қарны ашып, қатты тоңған баланы полиция қызметкерлері 8 қазанда кешкі 21:30-да Спасская көшесінен тауып алған. Осы уақытқа дейін анасы іздеп келмеген.

Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, баланың денсаулығында ақау жоқ.

Соңғы жаңалықтар